Биыл қыс қараша айында түседі, ал келер көктем ерте шығады - Қазгидромет
![]() |
Алдағы 2015-2016 жылдардағы қыс айлары өткен жылмен салыстырғанда көпжылдық мәндерге сәйкес болады, |
тек қаңтар айы ызғарлы, нормадан 1...2 °С төмен болады деп болжануда, деп хабарланған «Қазгидромет» РМК сайтында.
Қараша айына жасалған болжам бойынша ауа райы құбылмалы: жауын-шашынды, қатты желді, тұманды және көктайғақты болады деп күтілуде. Қарашаның бірінші және үшінші онкүндіктерінің соңында суық ауа массаларының енуіне байланысты күн райы күрт суытады. Солтүстік аймақтарда түнде -20 градус аязға, күндіз -12 градус аязға дейін төмендесе, оңтүстік аймақтарда түнде -10 градус аяз, күндіз -3 градус аяз болады. Ал тұрақты қар жамылғысы республикамыздың солтүстік, шығыс және орталығында айдың бірінші онкүндігінде орнаса, батыс пен оңтүстік-шығыста үшінші онкүндікте орнайды.
Осы жылдың желтоқсан айында еліміздің басым бөлігінде қар аз жауады және ауаның орташа айлық температурасы көпжылдық мәндерге сәйкес болады деп болжануда. Бірінші онкүндіктің соңында және жаңа жыл қарсаңында Батыс Сібір және Таймыр түбегінен енетін ультраполярлық суық ауа массаларының салдарынан ауа температурасы солтүстікте және орталықта -28 °C аязға, шығыс өңірлерде -36°С дейін төмендейді.
Ұзақ мерзімді болжамға сәйкес алдағы жылдың қаңтар айы Таймыр түбегінен үздіксіз енетін суық ауа массаларының ықпалынан ызғарлы, яғни ауаның орташа айлық температурасы қалыпты мөлшерден 1...2°С төмен болады деп болжануда. Ең төменгі температуралар айдың басында, ортасында және үшінші онкүндікте байқалады: солтүстік жартысында 45°С аязға дейін төмендесе, оңтүстік жартысында 30 °С аязға дейін төмендейді.
Ақпан айында циклондардың жиі өтуіне байланысты қар шамадан тыс жауып аяздың әлсіреуіне және ауаның орташа айлық температурасы Қазақстанның оңтүстік-шығыс бөлігінде мөлшерден 1...2°С жоғарылауына себепші болады. Дегенмен болжамға сәйкес бірінші онкүндіктің соңында және үшінші онкүндікте екі суық толқыны байқалады: елдің солтүстік бөлігінде күн райы - 30°С аязға, оңтүстік бөлігінде - 20 °С аязға төмендейді.
Көктемнің алғашқы айы - наурыз айы жылы, климаттық мөлшерден 1... 2°C жоғары болады және ерте келеді деп болжануда. Бұл әсіресе, айдың екінші жартысында байқалады. Бұл кезде еліміздің солтүстік бөлігінде 10°C жылы шамасында болса, ал оңтүстік жартысында 15 °С жылы болады.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін