Жарияланды: 580

БҚО-да боранда жоғалған ер адамның мәйіті табылды

БҚО-да боранда жоғалған ер адамның мәйіті табылды

Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданында боранды күні адасқан ер адамның жансыз денесі табылды.

Аудан әкімі аппараты төтенше жағдайлар жөніндегі бас маманы Тілеуғазы Ғабдушевтің хабарлауынша, қаза болған Әділхан Қарағойшин 1955 жылы туған. Теректі ауданына қарасты Үлкен Еңбек ауылының тұрғыны болған ол Бірлік ауылдық округінің аумағындағы Тасоңғар деген қыстақта малшының көмекшісі болып жұмыс істеген. Ақпарат түскен бойда іздеуге кіріскен ауыл адамдары мүрдені ертеңіне сол Бірлік ауылынан бір шақырым жерден тапты. Ал қойшының бағымындағы боранға ыққан қойлар аман. Жалпы күн райы күрт бұзылған 17 желтоқсан күні аудан аумағында барлығы 6 адам адасқан. Олар Бірлік, Мәстексай, Жаңажол және Көпжасар ауылының тұрғындары. Қалған бесеуі аман-есен табылып, үйлеріне оралған. Сонымен қатар осы күндері өңірде ауа райының аяқ астынан бұзылуынан Шыңғырлау ауданы Лубен ауылындағы орта мектеп зардап шекті. Күшті жел білім ұясының шатырын жұлып әкеткен. Жұт жеті ағайынды демекші, мұздың әлі де толық қатып бола қоймағанын ескермеудің салдары да қайғылы аяқталды. Мәселен 19 желтоқсан күні Жайық өзеніне батып кеткен «Жигули» көлігінен ер адамның мүрдесі табылды. Қазір құтқарушылар осы көлікте болған екінші адамды іздестіріп жатыр. Осы жағдайларға орай мамандар тұрғындарға мұз үстіне шықпауды, далаға шығар кезде сақтық шараларын барынша сақтауды ескертеді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін