Жарияланды: 660

Бүгін Алматы әуежайынан Меккеге тағы мыңға жуық отандасымыз аттанып кетті

Мұсылман қауымы үшін ұлы әрі ең қалаулы сапар - үлкен қажылық жалғасуда. Бүгін Алматы әуежайынан тікелей Меккеге тағы мыңға жуық отандасымыз аттанып кетті. Сөйтіп, өткен жұмадан бері қасиетті Қағбаға қадам жасаған жамағат саны 2 мыңға жетіп отыр. Жалпы осы жолы Сауд Арабиясының Қажылық министрлігі Қазақстанға 5 мың квота бөлген.  Әрі биыл Жидда мен Мединеден тура бағытта тасымал

жасауға 5 ұшақ бөлінді.

Ақ жамылып, ихрам киген бұл кісілер қасиетті Қағбаны құшуға бара жатқан жұрттың екінші легі. Мұсылманның 5 парызының бірі әрі бірегейі – қажылықты орындап қайтуы тиіс. Биыл Сауд Арабиясының Қажылық министрлігі Қазақстанға 5 мың квота бөліп отыр. Өткен жұмадан бері 1200 отандасымыз Мединеге жетсе, бүгінгі тағы мыңға жуық адам Меккеге табан тіремекке әзір. Солардың бірі - Дәмегүл Мәшімова айтулы сапарға ниет етіп, 4 жыл дайындалған екен.       

Дәмегүл Мәмішева:

- Осыны кішкентай кезімізден армандап, ниет қылғанбыз. Жіберіп жатқан балаларымыз аман болсын! Барған қажылардың барлығының ниеті қабыл болсын!

Жалпы Меккеге жету науқаны 17-ші қыркүйекте аяқталуы тиіс. Сөйтіп, биыл бас-аяғы 4 мың 500 адам Қазақстан атынан қажылық парызын орындап қайтады. Әрине, ниет етушілер алдымен мейрімі шексіз Алладан рақымшылық сұраса, екінші ел-жұртының амандығын тілемек.  

Қалдыбек Есқара:

- 2 мың адам бара жатыр қажылыққа. Алла тағала біздің қажылығымызды қабыл қылып, дер кезінде парыздарымызды, сүннеттерімізді, уәжіттерімізді орындап, елімізге аман-есен келейік! Еліміз-жұртымыз аман болсын!

Айта кетерлігі, биыл қажыларымыз үшін Сауд Арабиясына қатынау мейлінше жеңілдетіліп отыр. Яғни Алматыдан тікелей Жидда мен Мединеге чартерлік рейстер ашылған. Бірден 5 ұшақ қасиетті Қағбаға қазақ мұсылмандарын тасымақ.  

Ержан қажы Малғажыұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы:

- Сіздер бүгіннен бастап, Алланың қонағысыздар. Қасиетті жерге барған адамды құрметтеп, Дуюф рахман дейді. Адам баласы ойлауы мүмкін менің қаражатым бар, ақшам бар, сол болғаннан кейін мен қажылыққа бара жатырмын деп. Әсте олай емес.

Биыл қасиетті мекенге мұсылмандық парызын өтеуге 5 млн.-нан астам адам барады деп күтілуде. Сөйтіп, құлшылық етуші жұрт бір ай көлемінде үлкен қажылықпен қатар Умраны, яғни кіші қажылықты аяқтауы тиіс. Әрине, кейін Мединедегі Мұхаммед Пайғамбарымыздың өзі салған мешітке барып, тағзым етіп қайтуы да сүннет. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін