Бүгін - Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні - kaz.caravan.kz
  • $ 474.83
  • 515.38
+22 °C
Алматы
2024 Жыл
27 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Бүгін - Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні

Бүгін - Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні

Бүгін басты ұлық мерекеміз - Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні.

  • 16 Желтоқсан 2015
  • 1881
Фото - Caravan.kz

24 жыл бұрын Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңға қол қойды. Осылайша, Қазақстанның Мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланды.

Бұл атаулы күн 1991 жылғы желтоқсанның 16-сында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев қол қойған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» және 2008 жылғы 25 маусымдағы және 2009 жылғы 22 сәуірдегі заңдармен өзгертулер енгізілген 2001 жылғы желтоқсанның 13-інде «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасы заңдарына сәйкес атап өтіледі. 
Мінеки, ел болып, тереземіз басқа жұртпен тең болып, халықаралық деңгейде толыққанды мойындалған мемлекет ретінде өмір сүріп жатқанымызға — 24 жыл. Тарих үшін соншалықты зор кезең болмағанымен, осы жылдар ішінде ғасырларға бергісіз қыруар істер атқарылды. Экономикалық-әлеуметтік, саяси, қауіпсіздік мәселелерінде, оның ішінде жаһандық өңірлік проблемаларға қатысты өз алдына дербес шешім қабылдай алатын, өз ұстанымын паш ете алатын егемен мемлекет бола алатынымызды барлық қырынан айқындап, мойындаттық. Халықаралық бастамалармен бірге, әлемдік деңгейдегі іс шараларды, дүниелік, адамзаттық маңызды форумдарды да жоғары деңгейде ұйымдастыратын жұрт екенімізді таныттық. Ал, түптеп келгенде, бұның барлығы дербестіктің, Тәуелсіздігіміздің арқасы.
«1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан мүлде жаңа тарихын бастады. Біздер, қазақстандықтар, ұлт өрлеуінің қазақстандық дәуірінің негізін қалаушыға әрі тұңғыш ізашарына айналдық. Бұл — біздің ізгі уақытымыздың және барлық ұлы жетістіктеріміздің сипатын дәл беретін атау. Біз Тәуелсіз Қазақстанмен бірге өсіп келеміз. Ширек ғасырға жуық кезеңде біз кейбір мемлекеттер ештеңесіз шығатын, ал енді бірі ғасырларды сарп ететін тарихи жолдан өттік. Бұл бабалардың ерлігімен рухтанып, болашақ ұрпаққа жол ашқан барша қазақстандықтардың еңбегі арқасында мүмкін болды», — деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 15 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде.
Мемлекет басшысы екінші жыл қатарынан жаһандық экономикалық дағдарыстың дендеп келе жатқанын айтты.
«Осы қиындықтарға қарамастан, тәуелсіздіктің 24-ші жылы жадымызда көптеген жан толқытарлық, Қазақстан үшін айрықша мәні бар оқиғаларымен есте қалады. Біз экономикамыздың оң өсімін сақтадық. Индустриялық дамудың екінші бесжылдығы және «Нұрлы жол» бағдарламасы басталды. 2015 жылы 800 миллиард теңгенің 120 жобасы іске қосылды, 10 тұрақты жұмыс орны ашылды, мыңдаған шаршы метр баспана пайдалануға беріліп, оларға жастар мен аз қамтылған отбасылар қоныстанды», — деді Қазақстан Президенті ел өмірінде болған өзге де айшықты оқиғаларға тоқталып.


Биыл Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кірді. Еуразиялық экономикалық одақ жұмысын бастады. Әлемдік жетекші экспорттаушылардың елулігі қатарына қосылып, 43-орынды иеленді. Әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының қатарына қосылған Назарбаев Университетінде даярланған алғашқы 500 маман биыл бітіріп шықты. Қазақстан МАГАТЭ-мен бірлесіп, Ядролық отын банкін құрды, ол біздің елге орналастырылады. Үшінші ғарышкеріміз Айдын Айымбетов Жер төңірегіндегі орбитаға сапар шекті. 
Бүгінгі таңда Қазақстан халықаралық аренада өзін мойындатқан әрі әлемдік экономикалық жүйелер арасында лайықты орнын иеленген елге айналды деп сенімді түрде айта аламыз. 
Еске салайық, 2015 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жарияланды, сонымен қатар Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы, ҚР Конституциясының 20 жылдығы аталып өтті. 
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні ел аумағында бүкілхалықтық мереке ретінде кеңінен тойланады. Ал мереке қарсаңында елге ерекше еңбек сіңірген мәдениет, спорт, саясат, өнер саласындағы тұлғалар марапатталады.