Жарияланды: 370

Бүгін Қор биржасында доллардың құны 300 теңгеден асты

Елдің есін шығарған бағам! Бүгін доллар құны 300 теңгеден асып жаңа рекорд орнатты. Бұрын-соңды болмаған мұндай бағам жұртты дүрліктіріп отыр. Әрбір жарты сағат сайын өзгерген маңдайшалардың артынша елде дәрі-дәрмектің, азық-түліктің, тіпті жаңа көліктер мен әуе билеттерінің құны қымбаттай түсті. Теңгенің тарихында болмаған тығырықтан шығудың жолын, тіпті, сарапшылар дөп басып айта алмайды. Тек бетімен жіберілген биржаға қарап, қолда

бар қаржыны қысып ұстауға үндеп отыр.        

Әрбір жарты сағат сайын өзгеріп жатқан тақтайшаларға қарап, бүгін жұрттың біразы абдырап қалды. Түске дейін 288 теңгеге сатылып тұрған АҚШ ақшасы кенет одан сайын қымбаттай түсіп, көзді ашып жұмғанша 301 теңгеге бірақ жетті.             

- Білмеймін, біз үшін өте қиын. Жанармайдың да бағасы көтеріліп жатыр. Азық-түлік те көтеріліп жатыр.

Тұрғындар түгілі, сарапшылардың да жаңа бағамды көріп есі шыққан. Олар енді тек шығын азайтылсын деп кеңес беріп отыр.

Меруерт Махмұтова, қаржы сарапшысы:

-  Әр азамат, әр отбасы өз қамын өзі ойлау керек. Мүмкіншілік болса, той өткізбеу керек, мүмкіншілік болса, кредитқа барып телефон алмау керек, мүмкіншілік болса кредит алмау керек. 

Теңгенің құнсыздана түскені сол еді, азық-түлік бағасы тағы үсті-үстіне қымбаттай түсті. Әсіресе, еттің құны тым шарықтап кеткен. Ал саудагерлер қымбат болғандықтан өтпей жатқан тауарын кімге сатарын білмей әлек.      

- Сауда бұрынғыдай емес. Сатып алушылар азайып кетті. Бәрі неге қымбаттатып жатырсыңдар бағаны деп бізге ренішін білдіреді. Біздің оған кінәміз жоқ, бағаны көтеріп жатқан тасымалдаушы. Біз де пайда көруіміз керек қой!

Кішігірім дүкендер тұрмақ, аты дардай әуе компанияларының да клиенттері азайған. Өйткені билет құны қымбаттады. 60 бірдей бағытқа ашылған әуе рейстері бүгінде жарым-жартылай ғана толып ұшып кетіп жатыр екен.    

Тілек Әбдірахимов, «Эйр Астана» әуе компаниясының менеджері:

-  Әуе тасымалына сұраныс азайып барады. Күннен күнге азайып бара жатыр. Бұл енді анық. Және біздің де табысымыз азайып келе жатыр.  Әуе билеттерінің бағасын доллардың қымбаттауына байланысты көтеруге мәжбүр. Осындай шараны қолдануға біз де мәжбүр болдық.

Тек әуе компаниялары ғана емес, көлік салондары да тауарын қымбаттатқан. Мәселен, күні кеше ғана 3 миллионға сатылған су жаңа корей көліктері бір күнде 700 мың теңгеге өсіпті.      

Ержан Қожанов:

- Жаңа көліктер 30 пайызға қымбаттап кеткен. Күні кеше ғана бағасы басқа еді, бүгін келсем қымбаттап кетіпті. Жаңа көлік аламын деген ойымнан бас тартуға тура келді.

Ал ақша айырбастау орындары күні бойы маңдайшаларын өзгертуін тоқтатар емес. Кейбір орындар тіпті валюта таусылды деген сылтаумен сауданы мүлдем доғарған. Үш жүзге дейін көтерілген таблолар кешқұрым 285-ке дейін қайта төмендегенімен, бұл баға да әзірге тұрақты болмай тұр.  

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін