Жарияланды: 620

Бурабайдағы самитте 8 президент қандай келісімге келді?

Мәскеу одақтастарын лаңкестермен қорқытты. Тіпті Ресей президенті содырлардың мақсаты Орталық Азияға басып кіру деп ашығын айтып отыр. Әсіресе басты қауіп Ауғанстандағы тәліптер мен Сирияда сойқан салып жатқан экстремистер. Мұндай мәлімдеме бүгін Бурабайда жасалды. Курортты аймаққа жиналған Тәуелсіз мемлекеттер достастығына мүше мемлекеттердің президенттері экономикадан көрі лаңкестерден төнген қауіпті көбірек талқылады.

-Сонымен Астананың саяси орталығы бірнеше сағатқа 200 шақырым жердегі Бурабайға ауысты. "Қазақтың Швейцариясы" атанып кеткен курортты аймақта қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Бұл түсінікті де, өйткені бір күнде 8 президент мұнда келіп көрген емес.

Саммит қожайыны ретінде Нұрсұлтан Назарбаев әріптестерін үйреншікті Ақордада емес, бұл жолы бес жұлдызды элиталық қонақ үйде құшақ жая қарсы алып жатыр. Осы қарбалас кезінде Болат Өтемұратов та Елбасымен  өзінше селфи жасамақшы болған. Алайда, әрбір секунды санаулы президент миллиардердің суретке түсіруіне мұрша бермей, Алмазбек Атамбаевқа қарай кетіп қалды. Жалпы қырғыз президентінен бөлек Саргсян, Әлиев, тіпті Ислам Кәрімов, Лукашенко да Бурабайды жатырқап жүрген жоқ. Айтпақшы, Беларусь президентінің бұл сайлаудағы жеңісінен кейінгі алғашқы шетелдік сапары. Ал соңғы боп ғимаратқа кірген Путин сәл кешігіп жетті.

ТМД-дан гөрі Еуропаны жөн көретін Украина мен Молдова саммитке бірі елшісін, екіншісі сыртқы істер министрін жібере салған. Неге екені белгісіз Түркіменстан басшысы да төбе көрсеткен жоқ. Оларсыз-ақ, басқосуда талқылғанған 17 мәселенің көбі аймақтағы қауіпсіздікке арналды. Себебі Ауғанстанмен шектесетін Тәжікстан мен Түркіменстан шекарасында тәліптердің күшеюі, Сириядағы содырларға Ресейдің дәл Каспий түбінен зымыранмен атқылауынан кейін экстремистік топтар Орта Азияға басып кіруі мүмкін. Ал сол Сириядан босқындардың атын жамылған лаңкестер кез-келген елдің аумағына өтіп, ойран салуы да ғажап емес.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:

-Как я уже говорил с трибуны ООН, надо создать всемирную сеть борьбы с террористическими организациями с одобрения ООН. Нам следует усилить работу по этому направлению, максимально использовать потенциал Антитеррористического центра СНГ.

Сондықтан іргеге жақындап қалған лаңкестерге бірігіп тойтарыс беру үшін  президенттер ондаған келісімге қол қойды. Бүгін әріптестерінен сайлаудағы жеңісіне орай құттықтау естіген Лукашенко тым көңілді. Тіпті беларустар құрғақ сүтке су қосып сатады деген Назарбаевқа өкпесін тез ұмытыпты. Лукашенко Қазақстан президентуін интегратор-адам деп мақтап тура жиын үстінде өз елінің ең жоғарғы наградасы  ""Халықтар достығы" орденімен марапаттады.

ТМД-ға төнген қауіп-қатерді талқылаған соң, Еуразиялық Одаққа мүше Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Армения президенттері оңаша жиналып экономика жайын қозғады. Әлемдегі санкция соғысынан алыс-берістің азаюына байланысты экономикада бірігіп әрекет етуге уағдаласты.  Кездесу соңында 8 елдің басшысына сірескен дастархан жайылды. Қазы-қарта, қымыз-шұбаттан бастап қазақтың ұлттық тағамдарының барлығы бар мұнда.

-ТМД-да төрағалығы ресми түрде аяқталған Астана бүгін тізгінді Бішкекке берді. Келесі саммит енді келер жылы қыркүйекте Ыстықкөл жағасында өтетін болды. Ал әлемдегі күрделі геосаяси ахуалды кешке дейін сөз еткен президенттердің Бурабай баурайында сәл сергіп алуына мүмкіндіктері бар. Себебі мұнда казино  ойнап, әсем табиғатта серуендеуге болады. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін