Жарияланды: 430

Бұрынғы полиция қызметкеріне қаржыны заңсыз жолмен қағаз ақшаға айналдырушы қылмыстық топ құрған деген айып тағылып отыр

Шығыс Қазақстан облыстық қаржы полициясы департаменті полицияның қылмыстық іздестіру бөлімінің бұрынғы қызметкерінің үстінен қылмыстық іс қозғады. Оған қаржыны заңсыз жолмен қағаз ақшаға айналдырушы қылмыстық топ құрған деген айып тағылып отыр. Бұл туралы KZ-today тілшісіне ҚР қаржы полициясы Агенттігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Агенттік мәліметіне сәйкес, 1999-2000-жылдар аралығында күдікті бірнеше сыбайластарымен және оны тікелей атқарушылармен тізе қосып "Теплосеть" ЖШС, "Стандарт-2" ЖШС, "Стройтехкомплект" ЖШС, "Антол" ЖШС және "Мироу " ЖШС тәрізді жалған кәсіпорындар құрған. Аталмыш серіктестіктердің құжаттарын алға тартқан қылмыстық топ , Қазақстандық кәсіпорындар арасында жалпы сомасы 132 млн. теңгенің заңсыз қаржылық-шаруашылық операцияларын жүргізген. Ұйымдардың салықтан жалтару қылмыстарынан келген шығын көлемі 45,6 млн. теңгені құрап отыр. Осыған байланысты қазір тергеу жұмыстары жүргізілуде. Жыл басынан бері ҚР қаржы полициясы органдары жалған кәсіпкерлік, салық төлеуден жалтару, кәсіпкерлікпен заңсыз айналысу, заңсыз жолмен тапқан қаржы немесе мүлікті легализациялау деректері бойынша барлығы 165 қылмыстық іс қозғады. Осы мерзімде қаржы полицейлері салық және басқа да міндетті төлемдерден жалтару түріндегі мемлекетке келген 2,5 млрд. теңгенің шығындарын анықтады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін