Жарияланды: 360

Дауға айналған алдағы үш жылдық бюджетті Сенат бекітті

Еліміздегі ең басты қаржылық құжаттың кіріс пен шығынына қатысты депутаттарда көп сұрақ туындай қойған жоқ. Доллар бағамы 300 теңгемен есептелген бюджетті сөйтіп Ақордаға жолдады. Енді үнемделген миллиардтарды шашпай –төкпей жұмсау Үкіметтің басты міндеті.

Сенаторлар Кәрім Мәсімов ертіп келген үкімет мүшелерін құрметпен қарсы алды. Депутаттар тіпті премьердің орынбасары Дариға Назарбаевадан бастап министрлердің тегіс бетінен сүйіп шықты.

Министрлер болса, келер жылы бюджеттің кірісі төмендейтінін, ал мемлекеттік шығын 7 триллион теңгеден асатынын тағы еске салды. Шенеуніктердің бұл есебіне Жоғары палата аса қарсылық білдірмей, бірден сауалдарына жауап алуға көшті. Бюджетті қорғауға келген Ұлттық банк төрағасынан теңгелік депозиттің пайызын Ресеймен теңестіруді сұрады. Өйткені, көршілеріміз рубль құнсызданғанда банктердегі депозиттік ставканы 15-20 пайызға дейін көтерген екен.

Мұрат Бахтиярұлы, Сенат депутаты:

-Біз енді теңгені еркін айналымға жібердік, сондықтан депозиттік ставкаларды еркін айналымға, доллардан құтылу үшін 16-18 пайызға жеткізуге мүмкіндік бар ма?

Ақышев депутаттардың қолын қайтармады. Егер инфляция өссе, теңгемен салынған депозиттің де пайызын арттырмақ. 

Данияр Ақышев, Ұлттық банк төрағасы:

-Біз бұл мәселені банктердің қаржылық жағдайына және инфляция көлеміне байланысты қарастырайық. Қазір елімізде инфляция  9,4 пайыз. Ал, депозиттің ставкасы 10 пайыз. Яғни, макроэкономикалық көрсеткіштерге сәйкес.

Сенаторлардың Ауыл шаруашылығы министрлігіне де көңілі толмайды екен. Бөлінген қыруар қаржы құмға сіңген судай жоқ болады. Шенеуніктер әр тиынды тиімді игердік деп есеп бергенімен нәтиже жоқ деп бас агрономды сынады.  

Дулат Құсдәулетов, Сенат депутаты:

-Ауылды қолдаудың бірінші жылында 100 миллиард теңге бөлінген еді.  Бірақ нәтиже жоқ. 2004-2010 жылдар арасында бидай экспортын  32 миллион тоннаға жеткізу туралы мақсатқа да қол жетпеді.

Осылай ашуға енді міне бастаған депутаттарды Кәрім Мәсімовтің өзі райынан қайтарды. Премьер егер нақтыланған бюджетті қолдап, тезірек Ақордаға жіберсеңіздер, Үкімет дағдарысқа қарсы жойқын бағдарламаны қабылдайды деді. 

Кәрім Мәсімов, ҚР Премьер-министрі:

-Қаралып жатқан бюджетті бекітсеңіздер, алдағы үш жылға арналған дағдарысқа қарсы бағдарламаны қабылдаймыз .2014-2015-2016 жылдарға бағытталған бағдарламаларды топтастырамыз. Екіншісі, жұмыспен қамту бағдарламасы.

Бұны естіген сенаторлар бюджетті бірден бекітіп берді. Тіпті депутаттар алдарындағы құжатты толық қарамаған да сынды. Заңға дауыс берген халық қалаулыларының арасында келесі жылғы бюджеттің қанша теңгеге қысқарғанын білмейтіндер де бар екен.

Дағдарысқа байланысты, кейбір мемлекеттік шығындар қысқартылып, келер жылғы бюджет  850 миллиардтан астам теңгеге үнемделген болатын. Жаңадан салынатын нысандардың құрылысы тоқтатылады және кейбір мемлекеттік бағдарламалар да кейінге қалдырылмақ. Ал, әлеуметтік төлемдер мен жалақыға керісінше, жаңа жылға қаржы көп бөлінбек. Бүгін Сенат бекіткен үшжылдық бюджет енді Президенттің қол қоюына жіберілді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін