Жарияланды: 600

Депутат А.Тұртаев әлеуметтік желілердегі келеңсіздіктерді зерттейтін комиссия құруды ұсынды

Депутат А.Тұртаев әлеуметтік желілердегі келеңсіздіктерді зерттейтін комиссия құруды ұсынды

Әлеуметтік желідегі келеңсіздіктердің қоғамға зиянын зерттейтін арнайы комиссия құрылуы керек.

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Алмас Тұртаев осы мәселені көтерді.

Сөз арасында депутат елімізде интернет пайдаланушылар саны жыл санап артып отырғанын алға тартты. Оның айтуынша, осыдан он жыл бұрын интернет пайдаланушылар саны халықтың жалпы санына төрт пайызды құраса, былтырғы мәлімет бойынша 6-74 жас аралығындағы пайдаланушылар саны 63,9 пайызға жеткен. 
«Азаматтарымыз әлемдік интернетті пайдалану үдерісінен ешкімнен кеш қалған емес, жетекші әлеуметтік желілерді пайдаланып әртүрлі ақпараттарға қол жеткізіп отыр. Осылайша, азаматтар ішкі сұраныстарына қатысты барлық ақпараттарды әлеуметтік желіден алып, таратып, бөлісіп жатыр. Бұл желінің жақсы жағы. Ал оның екінші жағы бар. Өкінішке қарай әлеуметтік желіде елдің үрейін ұшыратын ақпараттар таратып, түрлі заң бұзушылыққа жол беретін, әсіре анайы топтар құру, қоғамға қауіпті топтар құру фактілері де кездеседі», - дейді депутат Тұртаев.

Оның айтуынша, бұл мәселе жастардың дұрыс тәрбие алуына кері әсерін тигізеді. Сондай жағымсыз үдеріс салдарынан өзіне-өзі қол жұмсау, құқық бұзуларға бару секілді фактілер де жиілеген. Бұдан бөлек, депутат әлеуметтік желіде бөтен адамды кемсіту, басқаның абыройына, қадір- қасиетіне әдепсіз түрде нұқсан келтіру жиілеп кеткеніне де алаңдаушылық білдірді.

«Он төрт жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы азғындық пен зорлық іс-әрекеттері осыдан бес жыл бұрын 110 болса, 2015 жылдың 10 айында 700-ге жуық осындай қылмыс тіркеліпті. Бұл әлеуметтік желіде жыныстық қатынас, зорлық секілді қылмыстарды ашық насихаттау, азғындыққа үндеу, сол арқылы рухани азғыруға итермелеудің әсерінен де болуы мүмкін. Жастардың түрлі ағымның жетегіне кетуіне де әлеуметтік желінің ықпалы бар екені баршамызға мәлім. Осының өзі әлеуметтік желінің жұмысын реттеу қажеттілігін көрсетеді. Бұл болашағымызға, қауіпсіздігімізге тікелей байланысты. Сондықтан да әлеуметтік желідегі осы келеңсіздіктің қоғамға зиянын зерттеу үшін арнайы комиссия құрылса игі», - деді депутат Алмас Тұртаев.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін