Жарияланды: 450

ЕАЭО елдерінің Мемлекет басшылары ЕЭК алқасының жаңа құрамын бекітті

ЕАЭО елдерінің Мемлекет басшылары ЕЭК алқасының жаңа құрамын бекітті

21 желтоқсанда Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің Мемлекет басшылары - Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев, Армения Республикасының Президенті С.Саргсян, Беларусь Республикасының Президенті А.Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті А.Атамбаев, Ресей Федерациясының Президенті В.Путин - ЕАЭО органдарына төрағалық ету мәселесі бойынша шешім шығарды.

ЕЭК баспасөз қызметінің хабарлауынша, Одаққа мүше елдердің басшылары интеграциялық бірлестіктің алдағы уақытта даму бағытын айқындады.

2016 жылы Жоғары еуразиялық экономикалық кеңеске, Еуразиялық үкіметаралық кеңеске, сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесіне Қазақстан Республикасы төрағалық ететін болды.

ЕАЭО органдарына төрағалық Қазақстанға Беларусь Республикасынан өтеді.

4 жылда бір рет сайланатын ЕЭК министрлерінің өкілеттік мерзімі аяқталуына байланысты ЕАЭО елдерінің Президенттері Комиссия алқасының жаңа құрамын бекітті. Бұдан былай Одаққа мүше әр елдің алқада екі-екіден өкілі болады. ЕЭК алқасының жаңа құрамы 2016 жылдың 1 ақпанынан бастап өз қызметіне кіріседі.

«ЕЭК алқасының құрамында әуел бастан 5 адам жұмыс істеді, Армения мен Қырғызстан қосылғаннан кейін олардың саны 8-ге жетті. Осылайша ЕЭК алқасында сабақтастық сақталып отыр», - деді Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы В.Христенко

Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің Мемлекет басшыларының шешімі бойынша Комиссия алқасында жаңа лауазым пайда болады - Ішкі нарық, ақпараттандыру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бойынша алқа мүшесі (министр). Бұл лауазымды 2015 жылдың қаңтарынан бері Армения атынан ЕЭК министрі болып келген Карине Минасян иеленеді.

Қырғыз Республикасы атынан ЕЭК министрі қызметін атқарып келген Данил Ибраев келер жылы ЕЭК энергетикасы мен инфрақұрылымы министрі болып тағайындалады. Қазіргі сәтте бұл қызметті Таир Мансуров (Қазақстан) атқарып отыр.

Қырғыз Республикасының тағы бір өкілі Мұқай Қадырқұлов ЕЭК кедендік ынтымақтастығы министрі қызметі атқаратын болады. Қазіргі сәтте бұл лауазымда -  Владимир Гошин (Беларусь).

Вероника Никишина (РФ) Комиссия алқасындағы жаңа тұлға болмақ. Ол Андрей Слепневтің (РФ) орнына ЕЭК-тің сауда министрі болып тағайындалды.

ЕЭК-тің интеграция және макроэкономика бойынша министрі Татьяна Валовая (РФ), техникалық реттеу бойынша министрі Валерий Корешков (Беларусь), өнеркәсіп және агро өнеркәсіп кешені бойынша министр Сергей Сидорский (Беларусь), экономика және қаржылық саясат жөніндегі министр Тимур Сүлейменов (Қазақстан), бәсекелестік және антимонополиялық реттеу бойынша министр Нұрлан Алдабергенов (Қазақстан) өз қызметтерін ары қарай жалғастырады.

Сонымен қатар іс-шара барысында тараптар Украина мен ЕО арасында 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап еркін сауда аймағы іске қосылатындығына байланысты бірлескен іс-қимыл стратегиясын талқылады. Келесі жылы ЕАЭО аясындағы алыс-беріс тауарларын электронды декларациялауға көшуге шешім қабылданды.

Мемлекеттер басшылары Еуразиялық экономикалық одақтың 2016 жылға арналған бюджетін, сондай-ақ ЕЭК алқасының жаңа құрамы мен алқа мүшелері арасындағы міндеттер бөлінісін бекітті.

Халықаралық ынтымақтастықты дамыту мақсатында ЕАЭО мен «Жібек жолының экономикалық белдеуін» түйістіру жөніндегі баяндама тыңдалды.

Отырыс барысында одақ аясындағы автомобиль тасымалы саласын кезең-кезеңімен ырықтандыру бағдарламасына өзгерістер енгізу туралы шешім қабылданды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін