жалпы әлемдік қоғамдастыққа ортақ мәселелерді көтерді, келелі ұсыныстарды ортаға салды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ-ның мерейтойлық сессиясында сөйлеген сөздерін ұсынамыз.
- Қазақстан халықаралық қатынастардағы өзара сенімді қалпына келтіруге, халықаралық құқықтың негізінде бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған барлық бастамаларды қолдайды.
- Мен жер бетіндегі өркениет таяудағы отыз жылда соғыстар мен қақтығыстардың шиеленген түйінін даналықпен тарқату үшін күш-жігер таба алатынына сенімдімін.
- ХХІ ғасырда адамзаттың ең басты міндеті әлемді соғыс қатерінен мүлде арылтатын және оның себептерін жоятын стратегияны жүзеге асыру болуға тиіс.
- Біріккен Ұлттар Ұйымының 100 жылдығына Жаһандық Стратегиялық Бастама — 2045 жоспарын әзірлеуді ұсынамын. Оның мәні — әлемдік дамудың жаңа трендін қалыптастыру.
- Мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Экономикалық және әлеуметтік кеңесін Жаһандық даму кеңесіне айналдыруды ұсынамын.
- Жобасы Астана экономикалық форумы аясында қызу талқыланып келе жатқан Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік жоспар идеясы өте өзекті болып көрінеді.
- Әлемді алаңдатып отырған терроризм, мемлекеттердің күйреуі, көші-қон және өзге де келеңсіз құбылыстар экономикалық дағдарыстың, кедейшіліктің, сауатсыздық пен жұмыссыздықтың салдарлары.
- ХХІ ғасырда әлемге сапалық тұрғыдан жаңа қаржы құралдары керек. Осы орайда, жаһандық орнықты даму мен өсіп-өркендеудің мақсаттары мен міндеттеріне сай келетін ұлтүстілік әлемдік валюта қажет.
- Хиросима мен Нагасакиді атом қаруымен бомбалаудан соң 70 жыл өткенде ядролық қарусыз әлем қалыптастыру ісін адамзаттың ХХІ ғасырдағы басты мақсаты етуге шақырамын.
- БҰҰ-ның ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу жөніндегі Жалпыға ортақ декларациясын қабылдауды ұсынамын.
- Жаһандық антиядролық қозғалыс құру маңызды міндет болып отыр. Жер бетіндегі әрбір адам ядролық сынақтарға тыйым салу ісіне өз үлесін қоса алады.
- Санкцияларды БҰҰ-ның Жарғысы мен халықаралық құқық нормаларына қайшы келетін әрекет ретінде бағалап, олардың өз бетімен қолданылуын болдырмау қажет.
- Миллиондаған адамдардың игілігіне әсер ететін халықаралық санкциялар қолдану құқығы Қауіпсіздік Кеңесінің ерекше құзырында болуға тиіс.
- 2016 жылы БҰҰ-ның халықаралық құқықтың арқаулық қағидаттарын бекітуге арналған жоғары деңгейдегі халықаралық конференциясын шақыруды ұсынамын.
- Терроризм мен діни экстремизмнің қаупі жаһандық ауқымға айналып барады. БҰҰ-ның қолдауымен халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы тұра алатын бірыңғай әлемдік желі құруды ұсынамын.
- Болашақты ескеріп, «ЭКСПО-2017» көрмесі инфрақұрылымы негізінде Астанадан БҰҰ-ның қолдауымен Жасыл технологияларды және инвестициялық жобаларды дамыту жөніндегі халықаралық орталық ашуды ұсынамын.
- ХХІ ғасырда Даму орталығы әлемнің ең үлкен континенті — ғаламшар тұрғындарының үштен екісі мекендейтін, ірі ресурстар шоғырланған Азияға қарай ойысады.
- БҰҰ-ның штаб-пәтерін Азияға көшіру мәселесін ойластыруды ұсынамын. Қазақстанның бастамаларын Ұлттар қауымдастығы қабылдайды деп зор үміт күтемін.