Елімізде жалақысы, зейнетақысы мен жәрдемақысы өскендер ақпан айын асыға күтіп отыр - kaz.caravan.kz
  • $ 471.93
  • 548.43
+7 °C
Алматы
2026 Жыл
20 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Елімізде жалақысы, зейнетақысы мен жәрдемақысы өскендер ақпан айын асыға күтіп отыр

Елімізде жалақысы, зейнетақысы мен жәрдемақысы өскендер ақпан айын асыға күтіп отыр

  • 6 Қаңтар 2016
  • 602
Фото - Caravan.kz

1-ші қаңтардан бюджеттік мекеме қызметкерлерін қуантатынын айтып Үкімет былтыр сүйінші сұрап қойған. Сөйтіп дағдарыс кезінде   миллиондаған адамның сәл де болса табысын арттыру үшін қазынадан 273 миллиард бөлініпті. Сонымен мешін жылы кімдерді жарылқады?

Ақпан айынан  бастап қарттар 9 пайызға зейнетақыны көп алатын болды. Сөйтіп ең төменгі зейнетақы 37 мың 789 теңгені құрап отыр. Дәрігерлер мен ұстаздардың жалақысы сәйкесінше, 28,29 пайызға өссе, студенттердің шәкіртақысы бірден 25 пайызға көтерілді. Әлеуметтік жәрдемақылар 7, ал мемлекеттік қызметкерлер де келесі айдан 30 пайызға еңбекақыны артық алмақ.

— Дәрілер міне, қымбат. 2 мыңға дейін өсті.

62 жастағы Раушан Шахманова зейнетақының көбейгеніне қуанар-қуанбасын білмейді. 4 жыл бұрын құрметті демалысқа шыққан ол мемлекеттен ай сайын 38 мың алады. Бірақ, қос бүйірден қымбатшылық қысқан заманда тиын-тебенмен күн көру қиын деп Үкіметке өкпесі қара қазандай.

Раушан Шахманова, Астана қаласының тұрғыны:

— Ешқайда жеткізе алмаймын. Коммуналдық ақы өсіп жатыр, азық-түлік өсіп жатыр, тамақ қымбат .Қайда жеткізем? 9 пайызға өскенімен тиын ғой. Оны көбірек неге қоспайды?

Бірақ Үкімет көбірек қоса алмайды екен. Мәселен, мемлекеттік қызметкерлердің жалақысының өсуіне қатысты бірнеше талап бар. 


Дариға Қарбалина, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің еңбекақы төлеу басқармасының басшысы :

— Яғни қызметкер оның біліктілігіне байланысты, атқарып жатқан жұмысының күрделілігіне байланысты және жауапкершілік деңгейіне байланысты тиісті жалақы алатын болады.

Есесіне, 1-ші қаңтардан жалақы мен жәрдемақының көлемі анықталатын айлық есептік көрсеткіш 139 теңгеге өсіп 2121теңгеге бір-ақ жетті. Енді айыппұл мен түрлі салық төлемдері көтеріліп, жаңа бағаммен есептелетін болды. Сонымен қатар елімізде ең төменгі күнкөріс деңгейі 1495 теңгеге көтеріліп, 22859 теңге болып белгіленді. Яғни, шенеуніктердің ойынша, осы сомаға күн көріп, аштан өлмеуге болады.

— Ең төменгі күнкөріс деңгейі 43 түрлі азық-түліктің құны бойынша есептелген. Алайда, бағаның күн сайын аспандап жатқанын ескерсек, ол  тағамдарды сатып алуға екінің бірінің қалтасы көтермейді. Яғни, ақша күнделікті тұтынатын: нан, май, қант, сүт секілді азықтан басқа ештеңеге жетіп жарытпайды. Сондықтан өскен жалақыны инфляция жұтып қойып жатыр.