Бұл туралы журналист Гүлмира Әбіқай Facebook желісіндегі парақшасында жазды, — деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
«Бұрынғы 1-ші мамыр жоқ қазір. Көкке шығып, қызғалдақ жұлып, кәуап пісіруді ұмытыңыз. Айыппұл 70 мың тг. Егер, жұлған қызғалдағың Грэй болса біттім дей бер)
Ал, құрдастармен тауға шығып, тау басында қой сойып, әйелдер қуырдақ, жігіттер кәуап пісіретін күн енді тарих. Табиғатта пісірген шашлык үшін әр адамға 369, 200тг. айыппұл салынады. Егер, ұжым болып ерекше қорғалған табиғи аумақта қазан ассаңыз 923 мың теңге санап бересіздер!
Үйде болып, тірлік бітірейін десең тағы айыппұл күтеді. Отағасына ауладағы қоқыс пен кәкір-шүкірді өртеу енді қымбатқа түседі, 78 мың теңге. Өзім кір жуып, үй жұмысын тындырайын десем тағы айыппұл. Үйге кіре беріс аулада не балконда желбіреп тұратын кірлер елді-мекен аумақтарының абаттандыру ережесін бұзу деп саналады. Жеке тұлғаға 78 640 тг. айыппұл қарастырылған. Бәрін тастап қала аралап көлікпен қыдыруға болар еді. Бірақ, байқаусызда терезеден басың қылтың етсе бюджет 40 мың теңгеңді тағы қағып алады», — деп жазды журналист.
