Юрий Красножанның шәкірттері өкінішке қарай, түркиялықтардан 0:1 есебімен жеңілді.
Ойынның алғашқы минутынан бастап, отандастарымыз алаңның орталық бөлігін өз бақылауларында ұстауға тырысты. Оның үстіне Юрий Красножанның шәкірттері 3-5-2 схемасымен ойнады. Дегенмен, матч тең дәрежеде өрбіді. Ойынның 12-ші минутында қарсыластар қақпасына жеке дара шыққан жартылай қорғаушы Ұлан Нөсербаев допқа дер кезінде жете алмады. Қақпашы допты сыртқа теуіп үлгерді. Түркиялықтар бірнеше рет қауіпті сәт туғызғанымен, қақпашымыз Стас Покатилов шебер ойнап, қақпаға доп дарытпады. Ол әсіресе ойынның 27-ші минутында Арда Туранның бірнеше ойыншыны алдап өтіп қақпаға тепкен добын қайтарып, тамаша «сейв» жасады. Ал ойынның 34-ші минутында Қазақстан құрамасының қорғаушысы Дмитрий Шомконың сол қапталдан бірнеше метр жерден шірене тепкен добын Волкан Бабаджан қағып үлгерді. Бірінші таймда есеп ашылған жоқ. Осылайша, Қазақстан құрамасы өз тарихында тұңғыш рет Түркия құрамасына қарсы алтыншы ойынның алғашқы жартысында тең дәрежеде ойын өрнегін көрсетті.
Екінші таймның алғашқы бөлігінде отандастарымыз басымдық танытты. Бірақ, өкінішке қарай, стандарттық жағдайларды ұтымды пайдалана алмады. Ойынның 66-шы минутында Самат Смақов жарақат алуына байланысты оның орнына қорғаушы Абзал Бейсебеков жасыл алаңға шықты. Ал капитандық жауапкершілік жартылай қорғаушы Бауыржан Исламханға жүктелді. Ойынның 71-ші минутында ойын тізгініне ие болған түріктер бірнеше рет өте қауіпті сәт туғызды. Оң қапталдан тебілген доп қақпаны жанай өтсе, шабуылшы Бурак Йылмаздың бірнеше метр жерден тепкен добы қақпаның бағанына тиді. Дегенмен, ойынның 83-ші минутында айып алаңында кейін серпілген допты қайыра теуіп, Арда Туран Стас Покатиловтың қақпасына гол салды. Өкінішке қарай жігіттеріміз ойынның соңына қарай, шаршап қалды ма, сүреңсіз ойнады.