Жарияланды: 460

Граффити! Қарағандыда 300 мың теңгеге байқау жарияланды

Қарағандыда ерекше байқау өтіп жатыр. Қаланы жарықпен қамтамасыз ететін энергетикалық компания электр станцияларының қабырғасын безендіруге байқау жариялады. Энергетиктер мұндай қадамға амалсыздан барып отыр. Себебі:қуат көзін тарататын бекеттердің қабырғасына қасақана былапыт сөздерді шимайлап жазып кететіндер көп.  Бұған түбегейлі  тоқтам салу үшін монополист мекеме  бекеттердің қабырғаларын  эстетикалық тұрғыда  безендіруге кірісті.

Бір қабырғаны  безендіру үшін қырыққа жуық бояу құтысы қажет екен. Энергетиктердің  айтуынша,  бұл не болса соны шимайлап кететіндерге тоқтау салудың жалғыз жолы. Негізіқалада қабырғаға сурет салуға тыйым салынған.  Ал мұндай сайыс  бейнелеу өнеріне бейім жастардың  шеберлігін  шыңдауға берілген үлкен мүмкіндік.

Андрей  Винокуров та қосалқы электр станциясының  қабырғасын безендіруге барын салуда. Әуесқой суретші қабырғаның бір жақ қапталына бақытты балалық шақты бейнелесе, туындысының екінші бөлігіне жарықты ысырапсыз пайдаланатындарға ой тастайтын сурет салды.  

Андрей Винокуров, әуесқой суретші:

- Қарындашпен салғаннан гөрі осы  ұнайды.  Жауын-шашынның сәл кедергі келтіріп тұрғаны болмаса, қиялыңдағыны осындай  үлкен қабырғада салғанға не жетсін!

Енді тұрғын үйдің қақ ортасында орналасқан қуат көзін тарататын бекеттің қабырғасы  былапыт сөздерден арылады  деген үміт бар. Бірақ  қарапайым халық бұған күдікпен қарайды.

Әлия Бекбергенова, Қарағанды қаласының тұрғыны:

- Әй,  не жапсырып жатыр! Көбісі келіп шимайлайды. Бесінші  қабатта  тұрам,  көрсем,  шығып да,  қуамын.  Сол жақсысын да, жаманын да  жазады. Ойнайды мына жерде, доппен соғып. Тыңдасын ба, балалар көп!

Жергілікті жарық таратушы компания ұйымдастырған байқауға 20 әуесқой суретші қатысып жатыр. Ол үшін қосалқы 30 электр станциясы дайындалған. Тақырыпқа шектеу жоқ. Тіпті  ұйымдастырушылар қатысушылардың барлық керек-жарағын өз ақшасына алып берген.

Ал байқаудың жүлде қоры 300 мың теңге. Қорытындысы жақында шығарылуы тиіс. Ең үздік туынды атанудан “КТК” телеарнасының логотипі де үмітті. Оны қатысушылардың бірі,әрі біздің тұрақты көрерменіміз бейнелепті.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін