Жарияланды: 290

Италия прокуратурасы Винокуровтың жеңісті сатып алғанын дәлелдемек

Александр Винокуровтың 2010-шы жылғы “Льеж-Бастон-Льеж” жарысындағы жеңісіне күмәнданғандар қатары көбеюде. Бұл жолы Италиядағы Падуи қаласының прокуратурасы отандасымыздың сол турнирдегі басты қарсыласы Александр Колобневке пара бергенін мәлімдеуде. Ресейліктің есеп шотына 150 мың еуро аударған Винокуров осылайша жеңісті сатып алған дейді құзырлы орындар. Бұлтартпас айғақтарды халықаралық велошабандоздар одағына жіберген италиялықтар істі соңына дейін жеткіземіз деп отыр.

Алматыда мамандандырылған күзет қауымдастығы елімізде тұңғыш рет тапанша атудан республикалық турнир ұйымдастырды. Құралайды көзге атқан шеберлер төрт жаттығу бойынша сынға түсіп жатыр.

Арнайы іріктеуден өткен 60-қа тарта мергендер өзара мықтыны анықтауда. Олардың арасында түрлі қауіпсіздік қызметінің өкілдері де бар. Тапаншамен нысаналарды дәл әрі жылдам көздеген спортшы тұңғыш турнирдың чемпионы атанады. Ресейден арнайы келген төрешілер жарыстың таза әрі қауіпсіз өтуіне ат салысуда. Ұйымдастырушылар болашақта бұл додаға әскер қатарындағылар көптеп тарларына сенеді. Алайда кез келген азамат тапаншамен кәсіби деңгейде жұмыс істеуіне жол ашық. Жарыс қорытындысы бойынша үздік шыққандар келер жылы Мәскеудегі халықаралық турнирде бақ сынайды.  

Виктор Стараженко, Республикалық мамандандырылған күзет қауымдастығы директорының орынбасары:

- Бұл спортта басқа ату түрлерінен қарағанда көп еркіндік берілген. Сондықтан қатысушылар өзін толығымен көрсете алады. Әмбебап спортшылар сегіз түрлі нысанды дәл көздеуі тиіс. Болашақта осы іспеттес турнирларды жиі ұйымдастырып, мергендеріміздің кәсіби деңгейін өсіреміз.

Кезекті турдың орталық матчында “Фейеноордты” ойсырата ұтқан “Твенте” Голландия чемпионатында қайта көш бастады.  “Гролс Весте”стадионына жиналған  көрермендердің қолдауымен алға ұмытылған твентелік футболшылар  көп ұзамай есеп ашып алға шықты.

Қонақтардың қақпасынан табылған алғашқы голды, бірін-бірі айтқызбай түсінетін алғы шептің лидерлері Душан Тадич пен Насер Шадлидің жемісі десек жарасады. Бұл эпизодта  бірнеше қорғаушыны алдап өткен  Тадичтің  оң қапталдан жеткізген пасын артық қимылсыз қақпаға дәл бағыттаған Насер Шадли көзге түсті. Арада  жеті-сегіз минут өткенде  өзінің бұрынғы клубын қапы қалдырған Люк Кастаньос таблодағы есепті 2:0 жеткізді.  Егер “Фейеноордтың” қақпашысы Костас Лампру қателеспегенде, бүгінгі матч осындай нәтижемен аяқталуы әбден мүмкін еді. Бірақ алыстан тебілген айып добын қолынан шығарып алған грекиялық голкипер үшінші голға себепкер болды. Не керек ірі есеппен жеңіске жеткен “Твенте” 28 ұпаймен турнир кестесінде жеке дара көш бастады.     

Әлемнің бесінші ракеткасы Давид Феррер,  бұрын-соңды  қолы жетпей жүрген  тағы бір қамалды бағындырды. Табысты өнер көрсетіп жүрген испаниялық  теннисші, тұңғыш рет “Мастерс” аясындағы жарыстың бас бәйгесін иеленді.

Париждегі турнирде алдына жан салмаған Давид Феррер ақтық сында поляк Ежи Яновичке дес бермеді.  Егер  статистикаға үңілмесек,  бүгінгі бәйге Давид Ферердің  “Мастерстегі” тұңғыш  жеңісі екенін білмес те едік. 1  сағат 27 минутқа жалғасқан Париждегі финалдық бәсеке көрермендерді бей-жай қалдырған жоқ. Жарыс барысында  әлемнің үшінші ракеткасы  Энди Маррэиден бастап Марин Чилич, Жиль Симон секілді үздік теннисшілерді артқа тастаған Ежи Янович, шешуші бәсекені де қарқынды өткізді. Бірақ жеме-жемге келгенде тәжірибелі испандық теннисшінің алдына шыға алмады.  Есеп 6:4, 6:3.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін