Жарияланды: 350

Каспийде опат болған сарбаздардың ата-аналары тергеудің әділ жүруін талап етті

Бүгін Атырау облысында осы Каспий теңізіндегі жаттығу кезінде жазым болған 2 жауынгер жер қойнына тапсырылды. 19 жасқа енді толған Асылжан Махамбетов пен Бақытжан Қалыбай әскер қатарына былтыр ғана алынған екен. Үйлеріне қайтуға да айға жуық уақыт қалыпты. Соқталдай ұлдарын әскерге жіберіп, табытпен алған қаралы отбасылар кінәлілер жауапсыз қалмас деп үміттенеді.

19 жастағы атыраулық қос сарбазбен қоштасуға қарақұрым халық жиналды. Былтыр Құлсарыдағы мектепті бітіріп, әскерге аттанған Асылжан полицияда жұмыс істегісі келген екен. Ал мақаттық Бақытжан Қалыбай әскерге дейін дәнекерлеуші мамандығын алған. Бірақ, өкінішке орай, екеуі де үйлеріне табытпен оралды. Қаралы жиында марқұмның туыстары сарбаздың денесін алып келген әскери бөлім басшыларына реніштерін де айтты.

Таңат Сейітмағамбетов, марқұмның туысы:

- Ал, енді мынау басшыларға тілейтінім – өздеріңнің білімдеріңді, тәжірибелеріңді жеткізіңдер, қателік жібермеңдер. Сіздердің  қате жібергендерің адамның өміріне байланысты болып тұр.

Асылжан Махамбетов отбасындағы 4 баланың үшіншісі. Ұлын әскерге өз қолымен аттандырып, денесін құшақтап қалған әке енді тек баласының отан алдында міндетін адал атқарғанын көңілге медеу қылып отыр.

Махамбет Сейсенов, А.Махамбетовтың әкесі:

- Үкімет өзі жазасын анықтайды, береді, мен біреуді қудалап, біреуді жазғырудан аманмын. Ешкімнің артынан түсіп, ондайға бармайтын адаммын. Қалған балаларымның амандығын берсін. Маған балам тыныш жату керек.

Жұмабек Хасенов, ҚР ҚК Құрлық әскерлері бас қолбасшысының орынбасары:

-Бұл әскери жаттығуда кенеттен болған жағдай. Қазір мұның бұл қайғылы оқиғаның әрі қарай арнайы органдар және іс қызметкерлері қылмыстық іс ашылып, әрі қарай барлығы тексеріліп жатыр. Ар жағында кімнің кінәлі болатынын кеңірек түсіндіріп айтамыз.   

Олармен бірге қаза тапқан, Оңтүстік Қазақстандық Бауыржан Жолдыбай мен Алматы облысының тумасы Замир Әділовтің денелері де туған жерлеріне жіберілді. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін