Жарияланды: 510

«Халық қаһарманы» атағын алған Айымбетов қуанғанынан сөйлей алмай қалды

Космостан оралған Айдын Айымбетов «Халық қаһарманы» атанды. Еліміздің ең жоғарғы мемлекеттік наградасына ие болған ғарышкерге бүгін Ақордада ерекше құрмет көрсетілді. Тығыз жұмыс кестесіне қарамастан марапаттау  рәсіміне қатысқан Елбасы  Айымбетовтың ерен ерлігін ерекше атады. 20 жылдан соң ғарышты бағындырған қазақтың үшінші ғарышкері болса қуаныштан сөйлей алмай қалды.

Ақорданы имене аттаған Айдын Айымбетов тағы космосқа ұшардай тым толқулы. Мына «Халық қаһарманы» атағына қосыла берілетін «Алтын жұлдыз» бен «Отан ордені» өз иесін тағатсыздана күтіп тұр. Еліміздің ең жоғарғы мемлекеттік наградасына лайықты деп танылған Айымбетовке  «Халық қаһарманы» атағын президенттің өзі табыстады.

Кеудесі медальға толған Айымбетовке Назарбаев «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» деген атағын да берді. Бір сәтте марапаттың астында қалып бақыттан басы айналған космонавт не дерін білмей сасқалақтап қалды.

Айдын Айымбетов, «Халық қаһарманы», ғарышкер:

-Аса мәртебелі Елбасы. Мен сіздің тапсырмаңызбен ғарышқа сапар шегіп қайттым.

Назарбаев: Погромче. Ты же военный, командирским голосом говори.

Айымбетов: Маған және еліміздің ғарыш саласына жасаған қамқорлығыңыз үшін шексіз алғысымды білдіремін.

Байқоңырдан 2-ші қыркүйекте көкке көтерілген Айдын Айымбетовтың сапары сәтті болды. Ашық космосқа шықпаса да, бірнеше ғылыми зерттеулер жасап, Арал мен Каспийдің тартылуының себебін іздеуге тырысты. Орбитада құрт пен ірімшіктің адам бойына қалай сіңісетінін тексерген Айымбетов жерге 10 тәуліктен соң оралған болатын. Айтпақшы, сол космоста болып қайтқан көк туды бүгін «Халық қаһарманы» Елбасыға берді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Болашағымыз ғарыштың биігінде болсын әруақытта. Біздің көкбайрағымыз сонау ғарышқа барып, жер шарын айналып келгені біздің қолдап демеп жебеп жүрсін. Бүкіл ғаламның күші қасиеті Қазақстанда болсын.

Ақордаға Нұрсұлтан Назарбаев қазақтың үш ғарышкерін тегіс  жинапты. Бүгіннен бастап үшеуі де «Халық қаһарманы». Қазақстанды әлемге танытқан Тоқтар Әубәкіров , Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетовті ортаға алып суретке түскен президент бұл салаға қолдауды аямайтынын айтты.

Осылайша, Айдын Айымбетов елімізде «Халық қаһарманы» атанған 22-ші  адам болды. Орбитадан оралғанына бір ай толса да жұрт аспаннан түскен жұлдыздың аяғын жерге тигізбей жатыр. Ал 41 жастағы ғарышкер космостан алған әсерімен ел аралап, бөлісіп жүр.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін