Жарияланды: 230

Көп күттірген «Серуен» фильмі экранға шықты

Голливудтың әйгілі режиссері Роберт Земекис көпшілікке тағы бір туындысын ұсынды. «Серуен» деп аталатын картинаны алғаш болып Мәскеу тұрғындары тамашалады. Фильмнің тұсаукесеріне режиссер мен басты рөлді сомдаған танымал актер Джозеф Гордон-Левит арнайы келген. Жаңа туындыда адамның қиялындағы дүниені шынайы өмірде жүзеге асырған кейіпкердің іс-әрекеті көрсетілген.

Әйгілі «Форест Гамп», «Назад в будущее» туындыларының режиссері Роберт Земекистің «Серуен» фильмі де қызыққа толы. Картинада Нью-Йорктегі дүниежүзілік сауда орталығы орналасқан егіз мұнараның лаңкестік оқиғадан бұрынғы қаланың сәнін келтірген кезі суреттелген. Тың туындыны жарыққа шығару үшін режиссер жылдар бойы еңбектенген.

Роберт Земекис, режиссер:

- Иә, әрине, фильмді көрген адам бірден мұнаралар мен 11 қыркүйекте болған апатты еске алады. Бірақ, мен егіз мұнараны Филипп Петидің көзқарасы арқылы шынайы көрсеткім келді. Мақсатым – кезінде қаланың көркі болған ғимараттарды сол уақыттағыдай етіп көрсету.

Көркем фильмде франциялық әуе акробатының ерекше әрекеті көрсетіледі. Филипп Пети 1974 жылы Нью-Йорктегі 110 қабаттық ғимараттардың арасын арқан арқылы бағындырады. Акробаттың 415 метрлік биіктікте билеген биі көпшілікті таң қалдырған.

Ал туындыда әуе акробатының рөлін танымал актер Жозеф Гордон-Левит сомдайды. Ол басты рөл үшін түрін өзгертуге дейін барған. Тіпті француз тілін де жетік меңгеріп алыпты.

Жозеф Гордон-Левит, актер:

- Екі мұнара арасында арқан іліп, сол арқылы серуендеу миға қонымсыз, әрине. Бірақ, кез-келген адам іштей осылай қиялдайды. Ал, фильмдегі бұл бала адамдардың ойындағысын шынайы жүзеге асырды.

Голливудтық режиссердің кезекті туындысы15-ші қазаннан бастап еліміздің барлық кинотеатрларынан көрсетіледі. Ал, «Серуенді» Қазақстанға жеткізуші «Дисней» және «Сони» студияларының ресми дистрибьюторы «Меломан» компаниясы.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін