Бұл былықты бүгін Астанаға келіп 12 айдағы жұмысына есеп берген Қырымбек Көшербаев жасырмай жайып салды. Жерлестерін күллі елдің алдында ұялтқан Қызылорда облысы әкімінің күйінетін жөні бар.Өйткені, сол банктен алған миллиондар мақсатына жұмсалғанда, қаншама адам жұмыспен қамтылар еді. Алайда, мемлекеттің жеңілдетілген несиесіне кәсіп бастамақ болғандар қызын тұрмысқа беріп, ұлын үйлендіріп, туған күндерін тойлатқан. Енді даңғойлардың кесірі шынымен шағын бизнесін бастағысы келетіндерге тиуі мүмкін. Оңай олжаны көздегендердің қулығы әшкереленген соң, әкімдік несие алғысы келетіндерге талапты күшейтіп жатыр.
Қырымбек Көшербаев, Қызылорда облысының әкімі:
-Берілген несиені орынды жұмсап, кәсіп ашқан адамға екінші рет қарыз беріледі. Яғни, негізгі борышты қайтарған соң аз пайызбен үш миллион емес, бес миллион теңге алуға болады. Ал, микрокредит алып, оны туысының тойына жұмсағандар бірден қара тізімге енеді. Және олар еліміздегі бірде бір банктен мемлекет есебінен жеңілдетілген несие ала алмайды.