Жарияланды: 430

Күллі ел Нұрлан Балғымбаевты ақтық сапарға шығарып салды

Бүгін қазақ елі тағы бір мемлекеттік қайраткерін жер қойнына тапсырды. Атырауда еліміздің бұрынғы премьер-министрі Нұрлан Балғымбаевпен қоштасу рәсімі өтті. 68 жасқа қараған шағында ұзаққа созылған қатерлі ісіктен көз жұмған қайраткерімен қоштасуға халық көп жиналды.

Кеше кешкілік Атырауға 20-ға жуық чартерлік рейспен еліміздің бірқатар лауазымды тұлғалары, белгілі кәсіпкерлері жетті. Ал таң атысымен қаралы митингке жиылған халықта есеп жоқ. Үлкенді-кішілі шенеуніктерден бөлек жүздеген қарапайым атыраулықтар да Балғымбаевтар әулетінің қайғысына ортақтасып, марқұммен екі сағаттан астам уақыт бойы қоштасты.Премьер-министр Кәрім Мәсімов Елбасының көңіл айтқан жеделхатын оқып берді.

Кәрім Мәсімов, ҚР премьер-министрі

-Өз Отаны мен халқын қалтқысыз сүйіп өткен Нұрлан Өтепұлы Балғымбаевтың болмысына қарапайымдылық пен зиялылық, нағыз бекзаттық тән еді. Халқымыз оның есімі мен еңбегін ұмытпай, әрдайым қастерлейді деп ойлаймын. Марқұмның топырағы торқа, жаны жаннатта болсын!

Нұрлан Балғымбаев 1947 жылы дүниеге келген. Еңбек жолын бұрғылаушы болып бастап, қара жұмыстың сан түрін атқарған азамат кейін Мұнай және газ министрі болды. «Қазақойлдың» тізгінін ұстап,1997-1999 жылдары Министрлер кабинетін де басқарған. Ал өмірінің соңғы жылдарында «ҚазМұнайГазда» басшылық қызмет істеді.

Қайыргелді Қабылдин, «ҚазТрансОйл» АҚ Бас директоры:

-Нағыз маман, мықты басшы еді. Халқын сүйетін. Өтірікке жаны қас. Үнемі шындықты айтуды талап ететін. Тіпті білмесең де шыныңды айт дейтін.

Екі жыл бұрын бойына жабысқан ауыр дерт оны қайта тұрғызбады. Экс-премьер мидың қатерлі ісігіне ұшыраған екен. Марқұм өзінің өсиеті бойынша, Атырау қаласында, анасының қасында жерленді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін