«Le Tepms»: Қ.Тоқаев Женевада елеулі із қалдырды - kaz.caravan.kz
  • $ 468.88
  • 534.1
+27 °C
Алматы
2026 Жыл
14 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Le Tepms»: Қ.Тоқаев Женевада елеулі із қалдырды

«Le Tepms»: Қ.Тоқаев Женевада елеулі із қалдырды

Белгілі швейцариялық дипломат әрі колумнист Франсуа Нордманн француз тіліндегі «Le Tepms» газетіндегі мақаласында Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Хатшысының Орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы Бөлімінің Бас Директоры лауазымындағы қызметіне талдау жасады. Оның пікірінше, Қ.Тоқаев бұл лауазымның артықшылықтарын толық көлемде пайдалана отырып, барынша жоғары жетістікке қол жеткізд

  • 23 Қазан 2013
  • 590
Фото - Caravan.kz

«Тоқаев мырзаны бұл лауазымға 2011 жылғы 11 наурызда Бас хатшы Пан Ги Мун тағайындады және Женевадағы Ұлттар Сарайында екі жарым жыл ғана болды. Биылғы 17 қазанда ол Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы болып тағайындалды». Ф.Нордманн Қ.Тоқаевтың КСРО Сыртқы істер министрлігі жүйесіндегі, атап айтқанда, Сингапурдағы және Пекиндегі елшіліктердегі еңбек жолын атап өткен. «Ол — халықаралық қатынастар, көптарапты дипломатия мен қарусыздану саласының білікті маманы, мойындалған интеллектуал болып табылады. Дипломат Сыртқы істер министрі, одан кейін Қазақстан Премьер-министрі лауазымында тамаша саяси биіктерге көтерілді».

Автордың пікірінше, Женевада қызмет ете жүріп, Қазақстан өкілі үш салада елеулі із қалдырды.

Ең алдымен, Қ.Тоқаев өз мандатының ең маңызды саяси аспектісі — Бас хатшының қарусыздану мәселелері жөніндегі Арнаулы өкілі және Қарусыздану жөніндегі конференцияның Бас хатшысы міндеттерін мінсіз атқаруға баса назар аударды. Ол өз елінің ядролық қарусыздану саласындағы сындарлы саясатына тікелей қатысты болғандықтан Біріккен Ұлттар Ұйымы осы мәселе бойынша елеулі табысқа қол жеткізе алатынына нық сенді. Өйткені, Қарусыздану жөніндегі конференция он жылдан бері тұйыққа тірелген еді. Тоқаев мырза Конференцияның жұмыс тәсілін қайта қарау жөніндегі комитет немесе жұмыс тобын құру және оған қатысушы мемлекеттер санын арттыру жөніндегі ұсыныстар енгізе алатын координатор тағайындау арқылы осы органның жұмысын үдетуге талпынды. Ф.Нордманның айтуынша, жұмыс тобы қызметке кірісті, бірақ, оның қызметіне ең алдымен, Пәкістанның әрекеті тосқауыл болуда.

Мақала авторы атап өткендей, Қ.Тоқаев «Ұлттар Сарайындағы күнделікті істерді басқаруда және БҰҰ-ның Женевадағы әкімшілік органдарының жұмыстарына жетекшілік ете отырып, экономия және жаңашылдық бағдарламасын іске асыруда шын мәніндегі менеджерлік қабілет-қарымын көрсетті. Ол жергілікті қоғамдық өмірге белсенді түрде қатысып, Женевамен және Швейцариямен арадағы қатынастарды қалыптастыруға барынша күш салды. Бар-жоғы бірнеше айда ол француз тілін меңгеріп алып, ол тілде түсінісу мүмкіндігін шебер пайдаланды», — деп жазады Ф.Нордманн.


Мақала соңында швейцариялық дипломат «Қ.Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымының мұрасы болып табылатын Ұлттар Сарайын жаңғырту жоспарын қолдай отырып, БҰҰ жүйесіндегі Женеваның орнын табандылықпен сақтап қалды», деп атап өтеді. Таяу уақытта Бас Ассамблеяның Бесінші комитеті Нью-Йоркте бюджетті және барлық белгіленген жұмыстар кестесін талқылауға кіріседі. «Қ.Тоқаевтың осы мәселедегі көзқарастары көбінесе швейцарлық тараптың пікірімен үйлесім тауып жатты», — дейді мақалада.

«Оның Женеваға келуі, ақырында, тамаша саяси өсу жолындағы тағы бір кезең ғана болды. Ұйым ісіне шынайы берілген, халықаралық деңгейдегі қызметкерге бұл аса тартымды лауазым бола қоймады деуге болады», — деп өкіне пайымдайды автор.

Ф.Нордманн одан әрі Қ.Тоқаевтың «Женевадағы №1 халықаралық лауазымдағы» мұрагеріне жасалған талдауымен бөліседі. Кейінгі үш бас директор кеңестік мектептің дипломаттары болды. Бас Хатшының Орынбасары рангысындағы бұл лауазым Ұйымның Бас Хатшысы сақтауға міндетті белгілі бір географиялық өкілдік қағидаттары қатарына жататыны түсінікті. «Қ.Тоқаевтың мұрагерін осы ортадан іздей ме, әлде, әсіресе, БҰҰ-ның Венадағы Бөлімінің Бас директоры да бұрынғы кеңестік дипломат болып отырғанда, басқа жолмен кете ме? Пан Ги Мун өз таңдауын жасайды және осы мәселе бойынша мұрагерді тағайындау және ол туралы жариялаудың алдында Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты қатысушы бес мемлекеттің елшілерімен осы мәселе бойынша бейресми кеңес өткізеді».

Автор өз тарапынан жаңа бас директордың кемшіліксіз келбетін кескіндеуге ұмтылады. Оның пікірінше, ол тәжірибелі дипломат, тамаша әкімші, саяси тұрғыда сергек жан болуы тиіс. Ол — қабылдаушы мемлекетпен, Женева қаласымен және кантондармен ізгілікті қатынастарды дамытуға әзір, осы жұмыстың бар қиындығын түсінетін, Женевада, Нью-Йорктегі және Біріккен Ұлттар Ұйымындағы аға басшылар жүйесі тобындағы өзінің беделін пайдалана білетін адам болуы тиіс.