Caravan.kz медиа порталының тілшісі ассамбеляда президенттің не айтқанын көріп, назарға ұсынып отыр.
«Қытай Қазақ еліне ешқашан кесірін тигізбеген, тигізбейді де»
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық ынтымақтастық туралы пікір білдіріп, еліміздің басты серіктестері мен көршілеріне қатысты көзқарасын айтты.
«Ресей — біздің басты стратегиялық әріптесіміз және сенімді одақтасымыз»»», — деді Президент. Ол сонымен қатар Қытаймен арадағы достықтың тарихы терең екенін атап өтті.
«Қытай халқы қазақ халқына ешқашан зиян келтірген емес және келтірмейді де», — деп мәлімдеді Тоқаев.
Мемлекет басшысы Алатау тауларында өмір сүріп жатқан қырғыздарды «біздің бауырларымыз» деп атады. Сонымен қатар, ол түрікмен халқын туыс халық деп атап, ортақ ата-бабаларға деген құрметтің ерекше екенін айтты.
«Біз ежелгі Каспий теңізінің жағалауын бөлісіп отырған Әзербайжанға шынайы достық сезімін білдіреміз. Қысқасы, біз барлық көршілес мемлекеттермен бауырластық қарым-қатынас орнатқанбыз», — деді Президент.
«Ұлтаралық келісімге қарсы арандатушылықтар қатаң түрде жазаланады»
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы тұрақтылық пен қоғамдық келісімді қорғауға қатысты мәлімдеме жасап, арандатушылық әрекеттерге қарсы қатаң ұстанымын білдірді.
«Араздық пен тұрақсыздыққа бағытталған кез келген әрекет — мейлі ол ел ішінен немесе сырттан келсін — бірдей қатаң түрде тоқтатылады», — деді Мемлекет басшысы.
Мемлеке басшысы сын мен жала арасын ажырата білудің маңыздылығына тоқталып, «біз ұлтаралық келісім мен қоғамдық тыныштықты бұзуға бағытталған кез келген арандатуды бұрын да тоқтатқанбыз, бұдан кейін де тоқтатамыз» деп атап өтті.
Президент шетелден қаржыландырылатын кейбір блогерлер мен өзін құқық қорғаушы санайтын азаматтардың Қазақстанға қарсы ақпараттық шабуылдар ұйымдастырып жүргенін айтты. «Бұл — демократия емес, бұл — тапсырыспен жасалатын ақпараттық шабуылдар. Шетелде ешкім біздің елдің болашағына шынайы алаңдамайды», — деді Тоқаев.
Сондай-ақ, ол Қазақстан өз ішкі мәселелерін сыртқы сценарийлерге сүйенбей, өз мүддесіне сай шешетінін ескертті.
«Біздің қоғамды біріктіретін — сырттан таңылған идеология емес, өзіміздің тарихи-мәдени тамырымыз, ұлттық дәстүріміз және өмір салтымыз. Біз ешкімге қоғамға іріткі салуға мүмкіндік бермейміз», — деп түйіндеді Президент.
«Кім қай тілде сөйлегісі келеді әркім өзі біледі»
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясында тіл саясатына қатысты маңызды мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, елде азаматтарға қай тілде сөйлесу керектігін міндеттеу — мүлде орынсыз.
«Бір нәрсе анық: елімізде ешкімге жеке өмірде де, қоғамдық ортада да қай тілде сөйлеу керектігін айтуға құқығы жоқ. Тіл мәселесін пайдаланып, араздық тудырып, қоғамды тұрақсыздандыруға тырысқан әрекеттер заң аясында қатаң жазаланады», — деді Мемлекет басшысы.
Тоқаевтың айтуынша, бүгінде мектеп бітірушілердің 80%-ға жуығы Ұлттық бірыңғай тестілеуді мемлекеттік тілде тапсырады, ал жаңа оқу жылында 70%-дан астам бірінші сынып оқушысы қазақ тілінде білім алуды бастайды.
«Ұлтаралық қатынастарды саясиландыруға жол берілмейді»
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясында сөз сөйлеп, ұлтаралық келісім мәселелерінің саяси алыпсатарлық нысанына айналуына жол берілмейтінін мәлімдеді.
«Соңғы жылдары еліміздің саяси-идеологиялық кеңістігі түбегейлі өзгерді. Экономикада ауқымды реформалар жүзеге асуда, ең бастысы — қоғамдық сана жаңарып жатыр. Халқымыз саяси шындықты қабылдауда алға қадам жасады. Біз заманауи, озық қоғамға айналдық. Бұл қоғамдық келісімге деген көзқарасты қайта қарауды талап етеді», — деді Мемлекет басшысы.
Президент бұрын тиімді болған тәсілдердің бүгінде өзектілігін жоғалтуы мүмкін екенін айтып, этносаралық саясаттағы жетістіктер мен кемшіліктерге әділ талдау жасау қажет екенін атап өтті. Ол Ассамблеяның қызметіне ерекше назар аударды.
«Қазақстан халқы Ассамблеясы бірегей штабқа — ұлтаралық қатынастар стратегиясын әзірлейтін және мемлекеттік саясатты бағыттап, үйлестіретін орталыққа айналуы тиіс», — деді Тоқаев.
Сонымен қатар, Президент облыс және қала әкімдеріне ұлтаралық және этносаралық қатынастарға арналған тұрақты кеңестер өткізуді тапсырды. Мұндай кездесулер барлық деңгейдегі билік үшін жүйелі тәжірибеге айналуы тиіс екенін жеткізді.
«Келісім, төзімділік және достық — жай ғана ұран емес. Бұл — азаматтарымыздың күнделікті шындығы. Ғаламдық қақтығыстар, сауда соғыстары және адам өмірінің құнсыздануы жағдайында бейбіт өмірдің мәні бұрынғыдан да арта түседі. Сондықтан әрқайсымыз өз орнымызда осы құндылықты сақтауға тиіспіз», — деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев Қазақстанда ұлтаралық және конфессияаралық мәселелерді саясиландыруға жол берілмейтінін тағы да атап өтіп, қоғамдық келісімді бұзуға бағытталған кез келген арандатушылық заң аясында қатаң түрде тоқтатылатынын ескертті.