Мерекеде елеусіз қалған қызылжарлық қария өкпесін айтты
Қызылжарлық қариялар қарттар күні елеусіз қалды.Өйткені биыл Петропавл қалалық ардагерлер кеңесінің қорына қаржы былтырғыдан екі есе аз түсіпті. Содан ақша жетпей, аз қамтылған ардагерлер мен мүгедек зейнеткерлердің барлығына жылдағыдай сый-сыяпат көрсетілмепті. |
2-ші топтағы мүгедек Мәриям Шарафединова айына 18 мың теңгесін дәріге жұмсайды. Пәтерақыға кеткен шығынды алып тастағанда қарияның ас-суына қалатыны 2-3 мың теңге ғана. 40 жыл сауда саласында қызмет еткен ол бұл ақшаға бір ай өмір сүру қиын дейді. Жалғыз тұратын оған жылда 1-ші қазан күні қалалық ардагерлер кеңесінен көмек келіп тұратын. Биыл да содан дәмелі кейуана кеше күні бойы есік аңдумен болды.
Мәриям Шарафединова, Екінші топтағы мүгедек:
-Өте- мөте ренжідім. Денімде саулық жоқ, көмектесетін ешкім жоқ, бала- шаға жоқ, енді мен не істеуім керек? Солардан күтіп отырдым, елеңдеп алаңдап, былай бір қарап, былай бір қарап, телефон соға ма деп алаңдап, сосын бізге айтты «сізге түк те болмайды» дейді.
Қазір Петропавлда 50 мыңнан астам зейнеткер мен мүгедек тұрады. Олардың жартысынан көбі көмекті бұрын өздері еңбек еткен мекемелер көрсетеді. Ал ешкімі жоқ 20 мың қария ардагерлер кеңесінің мойнында. Жылда бұл ұйымға түрлі мекемелерден 10 миллион теңге түсетін. Биыл қаржы тура екі есе аз жиналыпты.
Сара Тасеменова, Петропавл қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы:
-«Бізде қаражат жоқ,осындай жалақымыз жоқ, көптен бері ақша түспей жатыр» деп сондай, жылап жылап бес миллион жинадық, сол бес миллионды қарттардың әлеуметтік көмегіне жұмсадық. Басқа қаражат жоқ бізде.
Қаржылай көмек бірінші кезекте соғыс ардагерлеріне көрсетілген. Оларға бес мың теңгеден үлестіріліпті. Ал 500-ден астам жалғызілікті мүгедектерге екі мың теңгеден таратылды.
Бұл тізімге Мәриям Шарафединова сияқты мыңдаған жан ілінбеген. Қарттарды қолдау айы енді басталғандығын алға тартқан қалалық ардагерлер кеңесі қорға қаржы әлі де түсуі мүмкін дейді. Сондықтан қазанның соңына дейін қараусыз қалған қариялардың үміті басым.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін