Назарбаев бұрын-соңды болмаған дағдарыстың салдары жайында айтты - kaz.caravan.kz
  • $ 467.58
  • 543.66
+14 °C
Алматы
2026 Жыл
18 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Назарбаев бұрын-соңды болмаған дағдарыстың салдары жайында айтты

Назарбаев бұрын-соңды болмаған дағдарыстың салдары жайында айтты

Қазақстанға  бұрын-соңды  болмаған дағдарыс дендеп келе жатыр. Бүгін Нұрсұлтан Назарбаев экономиканың өте қиын жағдайда тұрғанын айтып, бюджет кірісінің едәуір кеміп қалғанын мәлімдеді. Президент өндіріс көлемі азайған кәсіпорындарда жалақыны айтпағанда, жұмысшылардың қысқартылуы мүмкін екенін де жасырған жоқ. Дағдарысқа байланысты үнемге көшуге пәрмен берген Елбасы Ұлттық қордан ақша бөлуге мүлдем тыйым салды.

  • 20 Қазан 2015
  • 401
Фото - Caravan.kz

Бүгін премьер- министр Кәрім Мәсімовты Ақордаға шақыртқан президент ел экономикасының өте ауыр жағдайда тұрғанын жасырмай   ашық айтты. Әлемде мұнай мен газ, түсті металл, көмір яғни, шетелге экспорттап мол пайда түсіріп отырған қазба байлықтарға бағаның құлдырауы  қазынаны миллиардттардан қағып отыр. Сөйтіп, бюджетке түсетін кіріс бірден 40 пайызға қысқарған. Бұл бұрын соңды болмаған жайт.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:

-Халқымыз қалыптасқан жағдайды білуі тиіс, кәсіпорындарымыздың кірісі азайып, табыстың төмендеуі және жұмыс орындарының қысқаруы ықтимал. 2007-2009 жылдардағыдан да күшті, нағыз дағдарыс дендеп келеді.
Дендеген дағдарыстың өте қиын болатынын Назарбаев жаһандық экономиканың негізгі ойыншылары Америка, Қытай және Ресей президенттерімен кездесуінен соң анық көз жеткізген. Сондықтан министрлер, әкімдер жаппай үнемге көшіп, ал кәсіпкерлер бюджетке алақан жаюды доғару қажет. Енді оларға негізссіз соқыр тиын да бөлінбейді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:

-Облыстағы кәсіпорындар мемлекет ақша береді деп күтіп отырмауы тиіс. Олай болмайды. Мен Ұлттық қордың ақшасына жаңа құрылыс салуға, субсидия беруге тыйым саламын. Бәрі жұмыс істеуі тиіс. Бай кедейге қажетсіз  субсидия бөлуді доғару қажет.

Ал тиімді жұмыс істей алмаған мемлекеттік мекемелер жаппай жекешеленеді. Бюджетке түскен кіріс азайса да Назарбаев әлсіз әлеуметтік топтарға төленетін жәрдемақының өзгермейтінін қадап айтты. Ал жұмыссыздар «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы екі қолға бір күрек таба алады. Немесе , президент оларға техникалық кәсіпке бет бұрып қосымша екінші мамандықты игеруге кеңес берді.


Кәрім Мәсімов, ҚР премьер-министрі:

-Сізбен толық келісемін. Берген тапсырманы орындауды қолға аламыз.

Ақордадан ауқымды тапсырма алып шыққан премьер-министр дағдарысқа қарсы бағдарламасын  әзірлеуге кірісіп кетті. Кәрім Мәсімов стратегиялық құжатын көпке ұзатпай жариялауы керек. Ал әлемдік геосаяси жағдайдға байланысты төнген дағдарыстың қашанға созыларын болжау мүмкін емес деді  президент.