Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
— Біз Ресей мен Түркия арасында болған оқиғаға қатысты өкініш білдіреміз. Ресей бомбалаушы ұшағы Түркияға шабуылдаған жоқ, ол терроршылармен соғысуға барған. Біз әзірге оқиғаның анық-қанығын білмейміз. Мұны тез арада мемлекетаралық комиссия құрып анықтап, кінәлілерді жазалау керек. Қандай жағдай болмасын, екі жақты қарым-қатынасты бұзбау керек еді.
Жылдар бойы екі ел арасындағы байланысты жақсартуға күш салып келе жатқан Елбасы қазір бұл бастамасының тығырыққа тірелгенін айтып отыр. Өйткені, ресми Мәскеу мен Стамбул арасындағы жағдайдың ушыққаны сонша, бір-біріне санкциялар салуда. Саясаттың мұндай салқыны Орта Азия елдеріне де әсер етері анық. Сондықтан Назарбаев, Ресей мен Түркия арасында ушыққан жағдайға ағайындық жасамақшы. Бүгін Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған Ақордаға қоңырау шалып, әріптесімен болған жәйтті талқылаған. Негізінен СУ-24 ұшағына қатысты сөз қозғаған Ердоған Ресей президентімен кездесуге әзір екенін айтыпты. Іс насырға шаппас үшін тараптар бар күшін салады дегенге Назарбаев та сенім білдірді.