Жарияланды: 450

Оңтүстікте итатқыштардың бытырасы жас келіншекті жарымжан етіп тастады

Оңтүстік Қазақстанда итатқыштардың бытырасы жас келіншекті жарымжан етіп тастады. Көзін ағызып, белі, аяғы мен қолдары да жараланған. 23 жастағы Седора Салишеваға бүгінге дейін 6 ота жасалыпты. Денесінде 4 оқ қалып қойған келіншек енді сәби де сүйе алмайды. Ал оның туыстары ем-домға жұмсалған шығынды ветеринария бөлімінен өндіре алмай отыр.

Міне, екі оқ тұр міне. Алдынан көрсеткенде көзіне тиген міне.

Келіншегінің бас сүйегінің, белі мен аяғының рентген суретін дәрігерлер мен шенеуніктерге талай көрсеткен Дәурен енді мұны тілшілерге айтты. Басында екеу, аяғы мен белінде бір-бір оғы бар Седораны 3 айдан бері Кентау ауруханасынан бастап, Шымкент пен Ташкентке дейін алып барған.

Седора Салишева, Кентау қаласының тұрғыны:

-Қазіргі хәлім өте жаман. Басым, миым күні-түні ауырады. Өзіме қарауға да шамам жетпейді. Енем қарайды маған да, кішкентай қызым бар бір жарым жасар. Оған да қарайды. Жатам жылаймын, болмаған соң 2 күнде жедел жәрдем шақырып тұрамыз.

Көзі қақсап, денесі сырқырайтын келіншек күнде 10-нан астам дәрі ішеді екен. Тіпті, көшеге шығуға қорқып қалған оны енесі мен туыстары қолтықтап, оқ тиген жерге әкелді.

Седора Салишева, Кентау қаласының тұрғыны:

-Мына жерде Газель күтіп тұрған едім. Мына жерде Газель келді. Газельдің есігін аштым, не болғанын білмеймін көзім деп құлағанымды білем, сосын аяқ-қолым істемеді. Бірақ, бәрін сезіп жаттым.

Заңнамаға сай ит аулаушылардың таңғы сағат 8-ге дейін ғана ит атуға құқығы бар. Тек сол күні қызметтік көлікке мінген аңшылардың жұмысқа деген араны ашылды ма таңғы сағат 9-ға дейін көше аралап жүріп алыпты. Мына қиылыстан шыққан аңшылар кенеттен қаңғыбас итті көріп, көлікті тоқтатпастан шүріппені басқан. Тек, қарша бораған пытыра қаңғыбас төбетпен бірге аялдамада көлік күтіп тұрған келіншекті де ауыр жаралаған.

Ал ит атып адамға тигізген 61 жастағы Беласар Дәрібаевты басшылары қорғап отыр. Айтуларынша, ол күніне 15-20 итті өлтірмей қоймайды. Ал аз жалақы үшін жұмысқа барын салатын аңшы Кентауда жоқ екен.

Әлия Байбекова, Кентау қалалық ветеринария бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

Жоспарлы жұмыс орындалмай келе жатқан болатын. Өйткені, қалада құжаты бар аңшылар жоқ болды.  Сондықтан осы кісіні жұмысқа қабылдаған.

– Қолында мылтығына құжаттары болғаны үшін бе?

– Құжаттары болғаны үшін, аңшылық етуге рұқсаты болғаны үшін.

Қазір ит аулаушы мен мекеме басшылығына қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Ал Седора мен туыстары 7-ші мәрте ота жасау үшін тағы Ташкентке баруға қаржы іздеп жүр. Енді құрсақ та көтере алмайтын келіншек тым болмаса кінәлілер 2 миллион теңгеге жеткен ем-дом шығынын өтесе дейді.  

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін