Мынау Шардарадан 20 шақырым жердегі мақталы өңір. Жасы бар, жасамысы бар таңның атысынан осы алқапта ақ алтын тереді. Өкініштісі, оқу уақытында оқушылардың мұнда жұмысқа жегілуі әдетке айналған. 7 жасар Әлібек Адаймұқан мектепке барудың орнына мақта теруді жөн көреді. Бүлдіршінді бұған тұрмыс тауқыметі мәжбүрлепті.
Әлібек Адаймұқан, 2 сынып оқушысы:
— Неге сабаққа бармадың?
— Мақта теруге келдім.
— Күніге неше тересің азаннан-кешке дейін?
— 20 теремін.
— Сенің кластастарыңда шыға ма?
– Ия.
Тек түсіру тобын көргенде алқапта жүрген 15-ке жуық мектеп оқушысы тым-тырақай қашты. Ал терілген мақтаның әр келісі 20 теңгеден шыққанын ескерсек, оқушылар біз келген біршама уақытта бірталай қаржыдан қағылған сияқты. Бұған әсіресе ересектері ашулы.
— Е, жалаңаяқ барса мектепке сол жақсы ма? Мен шешіп апарайын бүйтіп, өткенде мектептің алдына сөйтіп апардым мен. Маған аяқ киім тауып бер. Мына баланың аяқ киімі жоқ деп.
Ал мынау, оқушылары мақтада жүрген мектеп. Әбден тозығы жеткен білім ордасының басшысы бірен-саран оқушының сабақтан тыс кезде мақтаға баратынын айтады. Тек, жаппай мектепті тастап, оқушылардың терімшілікпен айналысып кеткені өтірік деп отыр.
Ынтықбай Сақып, Қалғансыр мектебінің директоры:
— Барлық класс жетекшілеріне сынып дәптеріне хаттама түзіп, осылай айтамыз, мақтаға барма деп. Бізде мақтаға баруы мүмкін емес. Біз жібермейміз ешқандай.
Алайда мектепке келген ата-аналар мен мұғалімдер басқа мәлімет беріп отыр. Айтуынша, оқу орнында оқушыларға бас-көз болатын ұстаздар қауымы да сабаққа бірде келсе, бірде келмейді екен.
Базаркүл Мамаханова, Қалғансыр мектебінің мұғалімі:
— Аптаның кей күндері мектепте оқушылар 20-30 пайыз ғана болады. Оны реттейтін тәрбие жөніндегі орынбасар Әшірхан ол мектепке түбегейлі келмейді. Алғашқы қоңырауда бір көреміз, соңғы қоңырауда бір көреміз.
— Міне, бір тоқсан бітіп жатыр. Мүлдем тексермеген күнделікті. Сабақ өтсе мына жерге баға қойылмай ма? Сұрамай ма?
Мектепке жиналған ата-аналар оқушылардың айдалада жүргенін бүкіл ауыл білетінін айтады. Тіпті, кейбірі балаларын мақта теруге өздері жұмсайды екен. Күн көру үшін. Ал мектептегі бұл былыққа аудандық білім бөлімі көз жұмып қарап отыр. Осының кесірінен, Қалғансыр ауылдық мектебінің түлектері жыл сайын ұлттық сынақтың соңында қалып қоюда.