ОҚО: топан судан зардап шеккендерге әлі көмек көрсетілмей отыр - kaz.caravan.kz
  • $ 470.17
  • 547.47
+24 °C
Алматы
2026 Жыл
17 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
ОҚО: топан судан зардап шеккендерге әлі көмек көрсетілмей отыр

ОҚО: топан судан зардап шеккендерге әлі көмек көрсетілмей отыр

Оңтүстік Қазақстан облысында ақпандағы апаттан зардап шеккендерге әлі көмек көрсетілмей отыр. Топан судан зақымданған үйлердің тізімі жасалғанымен, бірқатары оған енбей қалыпты. Оның үстіне, табиғаттың тосын мінезінен келген залал мөлшері дұрыс есептелмеген дейді тұрғындар. Ал баспанасы жарамсыз боп қалғандары аптап ыстықта күркеде тұрып жатыр. Әлі күнге дейін тасқын судың тауқыметін тартып отырғандар жөнінде тілшіміз Бекжігіт Мәуленов баяндайды.

  • 9 Маусым 2012
  • 589
Фото - Caravan.kz

Ақпан айында болған табиғи апаттан ең көп зардап шеккен Темірлан ауылы. Соңғы мәлімет бойынша мұнда қызыл судан мың шақты үйге зақым келіп, алпысқа жуығы жарамсыз боп қалыпты. Баспанасының астында қалу қаупі туындаған тұрғындар құтқарушылар берген шатырда тұрып келеді.

Таңсықбай Тоқтиев, Темірлан ауылының тұрғыны:

— Көктемде отыра алмадық қой дірдектеп. Суықтап, бала-шағаларым. Қазір шайланың ішінде отыруға мүмкіндік жоқ. Кіріп көріңіздер, «жанып» кетеді.

Жергілікті билік «ешкім де көмексіз қалмайды» деген болатын. Байқасақ, айту оңай екен. Темірланда тасқынның орын алғанына 4 айдан асса да тұрғындар уәде етілген өтемақының әлі тиынын да алған жоқ. Баспанасы жарамсыз боп қалғандарға жергілікті биліктің берген бар көмегі-мынадай брезент баспана. Алайда, оған кіруге қорқады. Өйткені әкімдік шатырды тарататын кезде тұрғындардан бүлдіріп алса үш жүз мың теңге айыппұл төлейсің деген қолхат алып алған.  Ақпандағы апаттан зардап шеккендердің бірі Қадірәлі Есалиевтің отбасы. Биліктен, жуық арада қайран болмасын білген отағасы қам-қарекетін өздігінше жасап жатыр. Айтуынша, залал мөлшерін бағалаушылар оның қора-қопсысын тізімге алмапты. Жарамсыз боп қалған баспанасына арнайы комиссия  885 мың теңге төлеу туралы шешім шығарған.


Анар Күзембаева, Темірлан ауылының тұрғыны:

— Бар кінәні бағалаушыларға артып отыр. Олардың қайдан келгенін де айтпайды. Ол ақшаға не саламыз енді біз. Сонымен, міне бала-шағамызбен жабылып кесек құйып жатырмыз. Қыштың өзі де ақша тұрады.

Көктемгі салқын мен жаздың аптабында брезент баспанада тұрудан титықтаған тұрғындар жергілікті әкімдікке де барған. Бірі берілетін өтемақы мөлшерімен келіспейтіндігін айтса, енді бірі зардап шеккендердің тізіміне көлденең көк аттының кіріп кеткеніне қапалы.

Осы апаттан соң аудан әкімі қызметінен кеткен болатын.Ашулы ағайынмен кездескен ауданның жаңа басшылығы жәрдемақының кешігуін жоғары жаққа бір-ақ сілтеді.

Бақытжан Құрманбеков, Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары:

— Осы мәселе бойынша Үкіметтің қаулысы шығу керек. Қаржы мәселесін бөлу жөнінде. Біз сол қаулыны күтіп отырмыз.

Оңтүстікте ақпандағы апаттан бірнеше аудан зардап шеккен болатын. Алайда, залал келген баспана саны мен шығын сомасы әлі күнге нақты айтылмай отыр.