Бұл биыл ғана күрделі жөндеуден өткен мектептің күйі. Оқушылар қалың күрте, бас киіммен отыруға мәжбүр. Мұздай мектепке келген оқушылар ауырып қала берген соң қазір тіпті ата-аналар да балаларын сабаққа жіберуге қорқатын болған.
Шәркүл Әмірбекқызы, мұғалім:
— Оқушылардың бәрі киініп отыр. Далада қалай жүрсек, іште де солай жүреміз. Кейбір ата-аналарымыз бізге мектептерің суық деп оқушыларды жібермей жатыр.
Бұған дейін ғимарат ішінде от жағып келген мектепке биыл 72 миллион теңге бөлінген. Қыруар қаржыға есік-терезе салынып, еденге жаңа линолеум төселіп, жылу жүйесі ауыстырылыпты. Тек сол жаңа терезенің саңылауынан дала көрінеді.
-Жылу жүйесі қалай болса солай істелген. Міне, қараңыз, мынау құлайын деп тұр. Мынаны қараңыздар, міне, қалай істелгенін білмейміз. Құлап қалады.
Жылу жүйесі тамыздың ортасында толықтай бітіп, қолданысқа берілуі керек болған. Бірақ қазанға дейін жүрсе де, жұмысшылар істі олақ бітіріп кетіп қалыпты.
Шалқарбек Мамашев, мектеп директорының орынбасары:
-Қазанның 15-нен бастап жағып жатырмыз күндіз-түні. Қосалқы пешті қосып жатырмыз. Температура көтерілмей жатыр.– 12 градустан аспай жатыр. Мына жерді сүртіп жатырмыз күнде. Түні бойы суын шығарады, ауасын шығарып.
Мұғалімдер салқын түсе дабыл қаққан соң мұнда аудан әкімінен бастап, депуттатарға дейін сан келіпті. Қысқасы, шенеуніктер не істеу керектігін әлі ойланып жүр.
Ерлан Рысбаев, Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы:
—Бірнеше -күннен бері аталған мектепте жұмыс жүргізіп жатырмыз. Біздің аудандық мәслихат депуттары және білім бөлімі тарапынан топ құрылып, соның қаншалықты сметаға сәйкес жүргізілгендігі туралы қазір тексеріс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соның қортындысымен құқық қорғау органдарына өткіземіз деген ойларымыз бар.
—Күнді-түні от жағылып жатқан мектептің күйі мынау. Қымтанбасаң беті-қолың тоңады. Мұғалімдер мен оқушылар жылыну үшін далаға шығатын болған. Бірақ қақаған қыс түскен кезде мектептің хәлі не болары белгісіз.