Жарияланды: 620

Орал локомотив жөндеу депосы қызметін үш айға уақытша тоқтатты

Орал локомотив жөндеу депосы қызметін үш айға уақытша тоқтатты

Үш айға Орал локомотив жөндеу депосы қызметін уақытша тоқтатты.

«Қамқор-Локомотив» ЖШС-ның атқарушы директоры және кәсіпорынның жұмысын тоқтату жөніндегі комиссияның төрағасы Әділбек Қанатбаевтың айтуынша, бұрын Орал локомотив жөндеу депосы ескі тепловоздарды жөндеумен айналысты. Ай сайын орта есеппен 30-40 локомотивке түрлі техникалық қызметтер көрсетілетін. Яғни күніне бір-екі техникаға жөндеулер жүргізілді. Қазір заманға сай жаңа тепловоздар шықты. Олар көп техникалық қызметті, жөндеуді қажет етпейді. Мәселен, бүгінгі таңда депода бір ғана локомотив тұр. Кәсіпорын осындай жағдайға тап болғасын қызметін уақытша тоқтатуға мәжбүр болып отыр. Әзірге жұмыс үш айға уақытша тоқтатылды. Осы мерзім ішінде ондағы 268 қызметкердің еңбекақысы елу пайыз көлемінде төленеді және басқа да әлеуметтік пакет сақталады. 

«Үш ай бойы қызметкерлердің жұмысқа келмей, басқа қызметке тұрып, сол жақта еңбек етуіне мүмкіндік беріп отырмыз. Ұжым мүшелерімен кездескен кезде әлеуметтік жағынан аз қамтылған, зейнеткерлік жасқа жақындап қалған жандармен де сөйлесіп, келісімге келдік. Қызметкерлер дау шығармай, жағдайға түсіністікпен қарап отыр. Енді 2016 жылы не болатынын айту қиын. Біз жүз пайыз жеке меншік иелігінде болғаннан кейін тапсырыстың тиісті деңгейде болғанын қалаймыз. Егер олай болмаса, кәсіпорын өз жұмысын толығымен тоқтатады», деді Ә.Қанатбаев.

Айта кетейік, кәсіпорын биылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша 98 млн. теңге шығынға қалған.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін