Жарияланды: 240

Оралда балабақшада қараусыз қалып терезеден ұшып түскен бүлдіршін камераға түсіп қалған

Оралда 4 жасар бүлдіршін балабақшаның екінші қабатынан құлап кетті. Ойын баласының абайсызда терезеден ұшып түскені бақылау камерасына түсіп қалған. Аяғы сынып, омыртқасына зақым келген балақай қазір ауруханада жатыр. Ал өз ісіне салғырт қараған тәрбиешілер мен балабақша меңгерушісі қызметінен шеттетілді.

-Қараңдар, қазір тұра алмайды....

Бақылау камерасына түсіп қалған бұл оқиға бүгін жұрттың жағасын ұстатты. Онда 4 жасар Арнұрдың екінші қабаттан құлап түскені анық көрініп тұр. Бетонға топ ете қалған балақайдың бірден тұрып кетуге дәрмені болмады. Есі ауып, есеңгіреп қалған. Сондықтан сүйретілген оны аула сыпырушы байқап, балабақшаға кіргізіпті.

-Баспен түскенде өліп қалады ғой....

Таңертең болған оқиғаны Арнұрдың анасы кеш естіпті. Алғашында тәрбиешілер баланың баспалдақтан  сүрініп құлағанын жеткізген. Кейін олай еместігі мәлім болды. Тәрбиеші топтағы балаларды алып, дене шынықтыру залына кеткен екен. Ал ауырып тұрған Арнұрды жалғыз қалдырыпты. Сондықтан қорқып қалған бүлдіршін терезені ашып секіріп кеткен.

Мира Есқазиева, Арнұрдың анасы:

-Баланы жалғыз қалдырып, есікті сырттан кілттеп кеткен. Балам айтады қорықтым айқайлап есікті қағып едім ешкім ашпады. Сосын терезені ашып секірдім дейді. 

Қазір Арнұр ауруханада жатыр. Аяғы сынып, омыртқасы зақымданған. Ал қалалық білім бөлімі баланың қараусыз қалмағанын айтып ақталуда. Десе де, осы жағдайдан кейін тәрбиешілер мен балабақша басшысы қызметінен шеттетілген. 

Батиқа Пайдина, Орал қалалық Білім бөлімі басшысының орынбасары:

-№50-ші балабақшадағы болған жағдай бойынша іс көтерілді. Біз директорды, тәрбиешіні және тәрбиешінің көмекшісін уақытша жұмыстан босатып жатырмыз.

Қазір осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ал Арнұрдың ата-анасы баласын қараусыз қалдырған тәрбиешілер мен басшыларының жауапқа тартылуын талап етіп отыр. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін