Жарияланды: 480

Оралда денсаулық сақтау мұражайы ашылды

Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Батыс Қазақстан облыстық клиникалық ауруханасы жанынан өңірдегі денсаулық сақтау ісінің өткені мен бүгінінен сыр шертетін шағын мұражай ашылды.

Сонымен қатар «Батыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау саласының даму кезеңдері» атты тарихи очерктер жинағы жарыққа шықты. 14 маусым күні өткен тұсаукесер рәсіміне қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Ноғаев дәрігерлер қауымын 19 маусымда аталып өтілетін кәсіби мерекесімен құттықтап, өңірдегі денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық мүмкіндігі, мамандар әлеуеті және қызмет көрсету сапасы жөнінен өзге аймақтармен салыстырғанда көшілгері екендігін атап өтті. Қазақ даласындағы ең алғашқы аурухана Нарын топырағында, қазіргі Бөкей ордасы ауданында ашылғаны белгілі. Медицина саласының тарихы тереңге жайылған өлкеде медицина мұражайын ашу үшін арнайы жасақталған шығармашылық топ әр аудандағы емдеу мекемелерінде болып, көзкөргендермен кездесіп, сан алуан мәліметтер мен естеліктерді жинақтауға бір жыл уақытын жұмсапты. «Әсіресе, сала ардагерлерінің көп көмегі тиді. Біз оларға өте ризамыз, - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Қамидолла Ирменов. Жетпісінші жылдары қолданыста болған Амбу қапшығы, электрлі лорингоскоп, жедел жәрдем сөмкесі, жасанды бүйрек қондырғысы, компьютер құрылғылары - мыңдаған науқастың өміріне арашашы болған, сыны кетсе де, сыры кетпеген құнды жәдігерлер. Мұражайға қойылған таныс әрі бейтаныс қондырғыларды ерекше ықыласпен тамашалағандардың бірі - елу жыл ғұмырын медицинаға арнаған Ефим Мирский. Ақ желеңді абзал жан тек мұражайдың ғана емес, «Батыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау саласының даму кезеңдері» атты жинақтың жарық көруіне де үлес қосқан. Саналы өмірін халыққа қалтқысыз қызмет етуге арнаған сала үздіктері туралы очерктер жарияланған кітаптың таралымы мың дана. «Аталмыш жинақ - революцияға дейінгі кезеңде, кеңестік дәуірде және тәуелсіздік жылдарында медицинада атқарылған қырауар істің басы-қасында болған аға буын әріптестерімізге көрсетілген зор құрметтің белгісі», - дейді облыстың медицина қызметкерлері.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін