Жарияланды: 300

Өскемен шенеуніктері ит пен мысық сатып бюджетке түсетін кірісті көбейтпек

Шығысқазақстандық шенеуніктер қала қазынасын қаңғыбас ит пен мысық сатып толықтырмақшы. Басшылар шығарған жаңа қаулыға сай, бұдан былай көшеден табылған иесіз жануарды тұрғындар әкімдіктегі арнайы бөлімге жеткізуі тиіс. Бұл жерде төрт аяқты қағаз жүзінде коммуналдық меншікке айналады. Иесі табылмаса, кейін ол ауцион арқылы сатылмақ. 

Мария Сушко мына мысықты жуырда ғана асырап алыпты. Шенділердің жаңа қаулысын естіген ол әлі жан-жағына үрке қарайтын марғауын көзден таса қылмауға тырысады. Ал қаулыға сай көше кезген жануардың шын иесі табылған күннің өзінде ол арнайы комиссияның алдында төрт аяқтының өзіне тиесілі екенін дәлелдеуі керек.

Мария Сушко, Өскемен қаласының тұрғыны:

-Егер мысық дәл комиссияның алдында қырсығып,  маған келмей қойса ше?Кейде үйде де шақырғанға келе қоймайды. Сонда мен оның иесі екенімді қалай дәлелдеуім керек?

Төрт аяқтының өзіне тиесілі екенін дәлелдеген адам оны ұстауға кеткен шығынды өтеп, үйіне әкете алады. Ал иесіз қаңғыбастардың жайы өзгеше.    

Айжан Оразғалиева, Өскемен қалалық әкімдігінің сектор меңгерушісі:

-Мәселені шешудің үш жолы бар. Алдымен аукцион арқылы сатып көреміз, болмаса арнайы дүкенге сатуға қоямыз. Егер аламын деушілер табылмаса, тілек білдірген жандарға тегін таратамыз.

Егер төрт аяқтыны тегін аламын деушілер де табылмаса, онда қаңғыбас ит не мысыққа ұйықтататын дәрі егіледі. Бұған әрине жануар жанашыларлыры үзілді кесілді қарсы.

Ирина Кретинина, «Спаси жизнь» қоғамдық ұйымының төрайымы:

-Иесіз ит-мысықты тегін тарата алмай әлекпіз. Тіпті толық дәрігерлік тексеруден өткізіліп, қажетті екпелерді алғандарының да ешкімге керегі жоқ. Ал оны аукцион арқылы кім алады?   

Көшеден табылып, коммуналдық меншікке айналған жануар қанша мерзімде сатылуы тиіс, иесі табылғанша ол қайда тұрады, оған кім күтім жасайды? Бұл мәселелердің ешқайсысы әлі нақтыланбаған. Төрт аяқтыларды тегін тарата алмай жүрген қоғам белсенділері шенділердің қазынаны осы жолмен толықтырмақшы әрекетін ақымақтық,- дейді. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін