Облыстық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, қараша айында Павлодар маңындағы Красноармейка ауылында жергілікті тұрғындарға тиесілі 20 бас ірі қара мен 70-тен астам ұсақ жандық ұрланған.
Қолды болған малды іздеу мақсатында арнайы топ құрылып, РФ шекаралас аудандардың ішкі істер органдарына хабар берілді. Полицейлер малдың еті мен терісін сататын жерлерді де мұқият тексерді.
Жүргізілген кешенді шаралар нәтижесінде тәртіп сақшылары ұрылардың ізіне түсіп, 27, 44 пен 60 жастағы үш еркекті қолға түсірді.
Олар малды Павлодар қаласының шетіндегі базада сойып, етті сатып отырған. Тексеру нәтижесінде база аумағынан ұрланған 40 малдың басы табылды.