Павлодар облысындағы Чернояр елді-мекені 20 жылдан бері жылуға жарымай отыр - kaz.caravan.kz
  • $ 471.93
  • 548.43
+10 °C
Алматы
2026 Жыл
20 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Павлодар облысындағы Чернояр елді-мекені 20 жылдан бері жылуға жарымай отыр

Павлодар облысындағы Чернояр елді-мекені 20 жылдан бері жылуға жарымай отыр

Павлодар облысында пәтерлерінде от жағып отырған көпқабатты үйлердің тұрғындары шу шығарды. Осыдан 20 жыл бұрын орталық жылу жүйесінен ажыратылған Чернояр ауылының жұрты баспаларына пеш қалап алған. Ретсіз салынған сол пештердің кесірінен соңғы кезде төтенше жағдайдар да жиілепті. Ал жылдар бойы жағдайды реттейміз деп құрғақ уәде беріп келген шенеуніктер тағы мәселе биыл шешіліп қалады деп отыр.

  • 13 Қаңтар 2016
  • 198
Фото - Caravan.kz

Әйгерім Рақышева балаларының жиі ауыратынын айтады. Азынаған үйде тұратын отбасында дәрі-дәрмек те шақ келмейді екен. Үш бірдей бөлмені жалғыз пешпен жылыту әсіресе аяз күшейгелі қиынға соғып тұр.

Әйгерім Рақышева, Чернояр ауылының тұрғыны:

-Төрт тонна көмір  жағып болдық. Тағы да қазір алу керек. Міне келе жатқан аяз алдымызда әлі. Қашанға дейін біз отырамыз енді көмек тосып.

Чернояр ауылында бес қабатты бұл үйден өзге тағы он үйдің де жағдайы осындай. Жалпы саны 300-ге жуық пәтер осыдан 20 жыл бұрын орталық жылу жүйесінен ажыратылған. Содан бері баспаналарында от жаққан жұрт талай апатқа ұшырапты. Үйдегі пештен шыққан өрттен тірідей жанып кеткендер де болған.

-Тұрғындардың айтуынша ауылдағы көпқабатты үйлерде өрт жиі болып тұрады. Жаңа жылдың алғашқы күнінде-ақ мына пәтер отқа оранған. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ. Ал қызыл жалын мұнда орналасқан пештен шығып, едендерге көше бастаған.

Суды да пәтерлеріне өздері тартқан жұрт мәселені көтеріп талай табалдырықты тоздырған. Алайда еш нәтиже жоқ. Ал биыл көршілерінің жаппай газ баллонға көшкенін айтқан тұрғындар енді қауіпсіздіктері үшін алаңдаулы.

Зурият Асанова, Чернояр ауылының тұрғыны
:

Газ баллон егер де атылатын болса мына бес қабатты үйдің дымы да қалмайды .

Аудан басшылары ауылдықтарды орталық жылу жүйесіне көшіру жоспарын баяғыда-ақ қолға алыпты. Бір ғана бес қабатты үйге 30 миллион теңгенің жұмсалатынын санап қойған атқамінерлер бәрі уақыт еншісінде деп жайбарақат отыр.

Александр Бабенко, Павлодар ауданының әкімі:

– Бұл күрделі мәселе. Дәл қазір шешімін табады деп жұртқа сөз бере алмаймыз. Бұл үйлерді орталық жылу жүйесіне көшіру жоспары әзірленуде. Құжатын дайындау керек. Бәрі биыл көктемде шешіледі деп күтіп отырмыз.

Чернояр мен өзге көрші ауылдарды да жоспарға енгізіп қойған шенеуніктер жұрттың жылы да жайлы баспаналарда тұратын күні алыс емес деп кезекті рет сендірді.