Өрт қас-қағым сәтте мұнай-химия зауытының 150 шаршы метр аумағын шарпыды. Тілсіз жауды ауыздықтау үшін елуге жуық маман мен оннан аса техника жұмылдырылған. Қала сыртында орналасқан кәсіпорынға жеткен құтқарушылар жалынды көршілес тұрған пенопропилен бұйымдарын сақтайтын қоймаға жеткезбей сөндіріп үлгеріпті.
Асқар Әлібеков, Павлодар облысы ТЖД өрт сөндіру қызметінің жетекшісі:
— Өрттің қиыншылықтары біріншіден әлгі химиялық заттар. Олар түтін береді қатты және жанады қатты. Сосын кешегі аяз бен жел қиындық тудырды сөндіруге. Және өрт болған жер ол қаланың сырты шетінде, ол мемлекеттік өрт сөндіру қызметімен бақыланбайды.
Пропилен мен полипропиленді тонналап өндіретін зауытта үш жүзден аса адам жұмыс істейді. Демалыс күні болған төтенше оқиғадан кәсіпорынның 39 және 25 жастағы қос қызметкері көз жұмды. Денелерін күйік шалған тағы үш азаматтың өмірі үшін дәрігерлер күресіп жатыр.
Марат Қанжығалин, Павлодар қалалық емханасы күйік шалу бөлімінің жетекшісі:
– Бөлімшеге түскен үш азаматтың да жағдайы ауыр.20,25 және 45 пайыз денесін күйік шалған. Қазір жергілікті дәрігерлердің жіті бақылауында. Дегенмен, елордалық ақхалаттылардың көмегіне жүгінбекшіміз. Өйткені, зардап шеккен біреуінің тыныс алу жолдарына дейін күйіп қалған.
Төтенше оқиға болған зауыт аумағында қазір қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілуде. Ал кәсіпорын ішінде қандай да бір жарылыстың болғаны-болмағанын әзірге еш құзырлы орган растамай отыр.
— Екі адамның өмірін қиған тілсіз жаудың нақты себебі бір айдан кейін белгілі болмақ. Десе де, зауыт басшылығы көз жұмған қос қызметкерінің туыстарына материалдық шығын өтеуге уәде беріпті. Ал хал үстінде жатқан екі азаматтың жағдайын енді елордалық дәрігерлер бақылауға алмақ.