Ыстан уланып, есінен тануға шақ қалған еркекті өрт сөндірушілер сыртқа алып шықты. Ал үйі отқа оранған шақта дүкеннен оралған әйел есі шығып, оқыс қадамға барған.
Ольга Шнайдер, көршісі:
-Оның жанұшыра айғайлаған дауысы әлі құлағымда. «Біреудің үйін өртедім, құжаттарым күйіп кетті, несиені қалай төлеймін» деп зар жылағанда не істерімізді білмедік. Бір кезде көзден таса болды. Кейін оның асылып тұрған денесін өрт сөндірушілер сарайдан алып шықты.
Әйелдің үлкен ұлы 20-да, кенжесі небәрі алты жаста ғана екен. Өрт шыққан сәтте олар үйде болмаған. Бұл осы отта ажал құшқан жалғыз жан емес. Өрт сөндіру бөлімшесінің командирі Алтынбек Әбдірахмановтың үстіне төбе құлап, өкпесін жаншып жіберген.
Жанат Смағұлов, СҚО ТЖД Жедел басқару орталығының бастығы:
-Өрт сөндірушілер бәрін тастап, командирді құтқаруға ұмтылған. Үйіндінің астынан алып шығып, дереу сол жерде тұрған жедел жәрдемге апарды. Бірақ дәрігерлер ештеңе істей алмады. Әріптесіміз төбе құлаған сәтте бірден мерт болыпты.
27 жастағы жігіттің артында 4 және 3 жасар екі баласы қалды. Ал өртпен құтқарушылар он екі сағат бойы арпалысыпты. Қазір бұл оқиғаға байланысты үш бірдей қылмыстық іс қозғалды. Өрт, еңбек қауіпсіздігін сақтамау және суицид.