Петропавлда тұрғындар қирағалы тұрған үйді паналауға мәжбүр
Петропавлда жиырмаға жуық жан құлағалы тұрған үйді паналауға мәжбүр. Өткен ғасырдың басында салынған нысан 4 жыл бұрын «тұруға мүлдем жарамсыз» деп танылыпты. Алайда содан бері тек төрт отбасы өзге жерге қоныс аударған. Қалғандарының биыл тұрмақ алдағы жылдары да баспаналы болулары екіталай. |
Егер мына темір сымдар ажыраса, үйдің жартысы құлайтыны анық. Бір ғасыр бұрын бөренеден салынған үй кез-келген сәтте жиырма адамды басып қалуы мүмкін.
-2010 жылы бұл үй апатты деп танылған. Араға бір жыл салып үйді зерттеген арнайы комиссия үй мүлде тұруға болмайды деген шешім шығарыпты. Арадағы өткен төрт жылда тек төрт отбасы ғана жаңа баспағана қоныстанған. Қалғандары жандарын шүберекке түйіп құлағалы тұрған үйде тұрып жатыр.
Суды тұрғындар сырттан тасиды. Дәретханалары да далада. Іргетасы әлдеқашан жерге кіріп кеткен үйде әсіресе көктемде қиын.
Меруерт Сұрағанова, Петропавл қаласының тұрғыны:
-Төбеден жүргенде балшық түседі. Орамда саз болады. Көктемде үйде сыз басып кетеді.
Бұл тұрғындар әкімдіктегі «жалғыз баспанасы апатты жағдайда» деген тізімде алғашқылардың бірі болып тұр. Тек төрт жылдан бері ол жақтан сүйінші хабар күткен жұрттың үмітін шенеуніктер өшірді.
Бауыржан Бейсенбаев , Петропавл қалалық тұрғынүй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі :
-Биыл ол кісілер ала алмайды, 2015-2016 жылдары. Өйткені қаражат бөлінбеген. Кезегі бойынша, беріледі.
Алайда шенеунік айтып тұрған мүмкіндіктің де мына тұрғындар үшін ауылы алыс. Биыл қалада осындай үш пәтер ғана босаған. Онда да әлі күнге дейін коммуналдық қарызы қордаланып, есік-терезесіз тұр.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін