Атап айтқанда, үкімет жетекшісі «Арселор Миттал» компаниясының директорлар кеңесінің президенті Лакшми Митталмен кездесті. Ол Қарағандыдағы «Испат-Кармет» металлургиялық комбинатының даму мүмкіншіліктері, жүзеге асыру көзделіп отырған жаңа жобалар, корпоративтік әлеуметтік жауапкершілікті енгізу, сондай-ақ, өндірісте қолданылатын қауіпсіздік техникасын жетілдіру туралы хабарлады.
Еуропа қайта құру және даму банкінің 2007 жылғы Қазақстандағы қызметінің қорытындысы және 2008 жылға арналған жұмыс жоспары премьер-министрдің Оңтүстік Шығыс Еуропа, Кавказ және Орта Азия елдері бойынша бизнес-топтың директоры Оливье Декамппен кездесуі барысында қарастырылды.
«Қазір Қазақстан экономикасы бақылау үстінде. Біз макроэкономикалық тұрақтылықты қадағалаймыз», — деп атап көрсетті Оливье Декамп. Ол биыл еліміздің экономикасына Еуропаның қайта құру және даму банкінің құйған инвестициясы шамамен 750 млн АҚШ доллары болғанын хабарлады. Мұның ішінде бұл соманың жартысына жуығы экономиканы диверсификациялауға жұмсалған.
Жұмыс кездесулерін жалғастыра отырып Кәрім Мәсімов «ЛУКОЙЛ» ААҚ-ның Қазақстандағы іс-қызметінің қорытындысын және даму мүмкіншіліктерін компания президенті Вагит Алекперовпен кездесуінде талқылады.
Әңгімелесушілер бірқатар мәселелер бойынша ойларымен бөлісті. Мысалы, республика аумағындағы «ЛУКОЙЛ» жобаларын дамыту, мұнай алу көлемін әрі қарай ұлғайту үшін алдағы өндіріске салынатын инвестиция, Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде барлау жұмыстарын жалғастыру туралы әңгіме жүргізді.
Вагит Алекперов компания жобаларын егжей-тегжейлі талқылауға мүмкіндік бергені үшін премьер-министрге алғыс айтты.
Қазақстан Республикасының премьер-министрі түстен кейін «Шеврон» корпорациясының атқарушы вице-президенті Джордж Киркланд жетекшілігіндегі бір топ корпорация өкілдерімен кездесті.
Кездесу кезінде корпорацияның мұнай өндіру, екінші буын зауытын салу жобасын жүзеге асыру және шикі газды алу бойынша жоспарлары талқыланды. Әңгіме барысында премьер-министр мен Джордж Киркланд 2008 жылы 15 жыл толғалы отырған өзара тиімді ықпалдастықты әрі қарай дамыту мәселелерін де тілге тиек етті. «Біздің серіктестігіміздегі маңызды кезеңді атап өту үшін біз келер жылдың жазын асыға күтудеміз», — деп атап көрсетті Джордж Киркланд Кәрім Мәсімовпен кездесуінің соңында.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті