Жарияланды: 330

Қандыағаш қаласында көпқабатты үй құлағалы тұр

Ақтөбе облысының Қандыағаш қаласында көпқабатты үй құлағылы тұр. Қабырғалары қақырап, төбесі тесілген. Жиырма жылға жуық жөндеу көрмеген ғимаратты тұрғындар терможаңғырту бағдарламасы бойынша өңін келтірмек болған. Бірақ құжат жинап сабылғандарымен, әкімдіктегілерден әзірге қолдау жоқ. Ал шенеуніктер республикалық бюджетке қол жайып отырғандарын айтады.

Қандыағаш қаласындағы бұл үйдің тұрғындары жауын жауса баспаналарынан безіп кетеді. Осыдан 18 жыл бұрын үйдің шатыры өртеніп, кейін тұрғындар өздері жөндеп алған екен. Бірақ қанша рет жамағанымен тесік төбеден су сорғалауын қояр емес.

-Мынаның бәрі су болды. Жаздайлыққа мынау бәрін кептірді. Мына қара. Бүкіл обойым түсіп қалды. Әне, қараңыз? Ананың бәрі су болды.

Енді тұрғындардың бар үміті терможаңғырту бағдарламасына ілігу. Ол үшін бір жыл бойы құжат жинап әлек болыпты. Бірақ оның да жақын арада бола қояр түрі жоқ.

Анатолий Бульба, Қандыағаш қаласының тұрғыны:

Құжаттарын жинап тапсырдық. Бірақ қашан жөндейтіндіктерін айтпайды. Бір-екі жыл осылай отыра берсек төбемісіз опырылып түсетін шығар.

Ал шенеуніктер болса тұрғындардың өздерін жазғырады. Себебі мемлекеттік бағдарламаға басында өздері қарсы болыпты. Соның кесірінен алғашқы тізімге ілікпей қалған.

Талғат Қойшыкенов, Мұғалжар аудандық тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы :

-Өкімет неге тегін бермейді. Біз неге ақшамызды төлеуіміз керек деген әңгімелер болды. Сол уақытта халық келісім бермеді. Соған байланысты жобалық құжаттар жасалған жоқ. Сараптама қортындысы алынбады. Ақша бөлінген жоқ.

Жергілікті билік бұл үйдің құжаттарын Астанаға жібергенін айтады. Ақша республикалық бюджеттен бөлінетіндіктен, сол жақтан рақым күтуге мәжбүр. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін