Қапшағайда шенеуніктер саудагерлерді базардан қуып шықты - kaz.caravan.kz
  • $ 471.93
  • 548.43
+7 °C
Алматы
2026 Жыл
20 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қапшағайда шенеуніктер саудагерлерді базардан қуып шықты

Қапшағайда шенеуніктер саудагерлерді базардан қуып шықты

Бүгін Қапшағай қаласында саудагерлер бас көтерді. Осы күнге дейін олар жол бойында жайма базар ұйымдастырып, жабайы сауданың көрігін қыздырып келген. Алайда, түртпектеп күн бермеген жергілікті билік ақыры барлығын тым-тырақай қуып тыныпты. Отыз шақты кәсіпкер қаладағы өзге базарларға барып сауда-саттық жасауға құлықсыз. Өйткені ондағы жалға алу құны тым қымбат. Қайда барып күн көреміз деген жұрт бүгін айқайға басты.

  • 7 Қаңтар 2016
  • 318
Фото - Caravan.kz

Айғайға аттан қосып, күні бойы көшені басына көтерген бұл азаматтар жылдар бойы жабайы сауданың көрігін қыздырып келген. Алайда бүгіннен бастап мұндағы жайма базар жойылды. Яғни таң атпастан тәртіп сақшылары келіп, көше бойында сауда жасағандарды қуалай бастаған. Ал саудасы тоқтаған жұрт бұған қарсылық білдіріп жатыр.

Күләнда Жақсымбетова, саудагер:

-Қуып жатыр. Біздің күн көріп тамақ жеп отырған жеріміз. Егер базар соғылып, жағдаймызға келсе біз сол жерге баратын едік. Бізге де оңай емес жаңбырда, қарда, суықта тұрған. Қар жауа ма басымызға салафан, тауарымызға салафан.

Қапшағай қаласының қақ орталығын сауда орнына айналдырғандардың басқа базарларға баруға құлқы жоқ. Айтуларынша, ондағы жағдайдың да көшедегіден айырмашылығы шамалы. Яғни, мұндағы сатушылар да тауарларын ашық аспан астында саудалайды. Тазалық та жоқ. Соған қарамастан базар басшылары күніне кемі 500 теңгеден жинайды екен. Сондықтан олар әлеуметтік базар салып беруді сұрап отыр.

Динара Үксікбаева, саудагер:

-Бізге жартылай жеке жартылай мемлекеттік  базар істеп беріңіздер. Өйткені жекелер  ойларына келгенін істейді.

Қазір Қапшағайда үшінші базардың құрылысы қызу жүріп жатыр екен. Алайда, ондағы орынның бағасы да аспандап тұр.


Айгүл Иманғалиева, саудагер:

-Мына лавкаға кіру үшін жүз мың беруім керек. Одан кейін ай сайын алпыс мың төлеуім керек. Менің ондай ақшам жоқ.

Саудагерлер әкімшілікке де барып көрді. Алайда шырылдаған жұртқа шенеуніктер шолақ жауап қайтарды.  

Дидар Батырбеков, Қапшағай қалалық әкімшілігі кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы:

-Көше бойында сауда-саттық жасауға тыйым салынады. Ол жерде тұрғын үйлер бар. Өрт қауіпсізідігі шараларын сақтауымыз керек. Оның үстіне жер астында коммуналдық желілер жүргізілген. Сондықтан біз ол жерлерді алдағы уақытта көгалдандыруды көздеп отырмыз. 

Ал әлеуметтік базар салуға да қала бюджетінде қаржы жоқ екен. Сондықтан саудагерлер басқа базарларды жағалауына тура келеді. Себебі бұдан былай шенеуніктер апта сайын арнайы рейд ұйымдастырып, қаланың қуыс-қуысындағы жабайы сауданы біржола жоймақ.