Жарияланды: 380

Қарағанды облысында тасқын шайған үйлерді қайта салғандар ақшасын толық алмайтын болды

Қарағанды облысында тасқын шайған үйлердің орнына баспана салған құрылысшылар билік уәде еткен қаражаттан қағылды. Алғашында шенеуніктер келісім бойынша көрсетілген соманың 25 пайызын қиып тастаған. Кейін салынған баспана көлемінің жартысына ғана ақы төлейміз деп тағы шығыпты. Енді тіпті құрылысты уақтылы аяқтамадыңдар деп, баспана тұрғызғандардың бәріне айыппұл салып қойған.

 Құрылысы маусымда басталған Қабдірахман Өмірбаевтың үйінде шілдеде қоныс тойы өткен. Саманға қарағанда қадасы терең, қабырғасы қалың мына үйдің іші ол үшін кең сарайдай. Осы сияқты 10 баспананы тұрғызған Наталья Кобзева қабылдау комиссиясын күтіп көптен бері осында жатыр. Өйткені олар «батасын бермей» ақы төленбейді. Ал көктемдегі келісілген сома күзге салым онсыз да кеміген.

Наталья Кобзева, құрылыс фирмасының басшысы:

-От жағатын орын, дәліз бен кіреберіс бөлме үйдің пайдалы бөлігіне жатпайды деп, көлемі алынып тасталған. Сонда біз салған 72 шаршы метрдің 41-і ғана есептеліп отыр. Ал қалған 30 шаршы метр ше? Онсыз да шаршы метріне келісілген 120 мың теңге 90 мыңға дейін азайды.

Онымен қаймай, баспана тұрғызғандардың барлығына айыппұл салынған. Сөйтсе, комиссия қабылдамаған үйдің барлығы кешіккенге саналады екен. Ал комиссия жұмыс істеуі үшін баспананың жобасын жасаушылармен есептесу қажет. Біріне бірі сілтеген шенеуніктер бұл жұмыстың да шекесін қыздарып жатқан жоқ. Енді екі ортада құрылысшылар шығынға батып жатыр.       

Нәйлә Қайырбекова, Қарағанды облыстық құрылысшылар қауымдастығының директоры:

-Барлығы дерлік шығынға батты. Компаниялар салған ақшасын қайтып шығара алмады. Енді сол қаражаттың төленуінің өзі кешіктіріліп жатыр.      

Шенеуніктердің айтуынша, айыппұл мәселесі жақын маңда шешіледі екен. Өйткені есеп-қисап пен қағазбастылық салдарынан қате кетуі мүмкін.

-Ғабиден Мұстафин ауылының үйі қираған тұрғындары осыдан 20 күн бұрын арқа-жарқа болып, қоныс тойларын тойлады. Бұл әрине, облыс басшылығының берген есебі бойынша. Ал іс жүзінде, мұндағы көптеген үйлерде тұрғындар емес, құрылысшылар әлі жүр. Бір баспаналардың есіктері жоқ болса, екіншілерінің төбелері жамалмаған.

Кейбір баспаналарға жарық енді тартылып жатса, суық түспей құрылысшылар ішкі әрлеуді аяқтауға жұмылып жатқаны да байқалады. Бірақ жүйкелері жұқарған жұмысшылар салынып бітпеген баспанаға аттап бастырмады.  

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін