«Арселор Миттал» компаниясына қарасты шахта мен өндірістерде жарақат алып жарамсыз деп танылған топ бұл. Өткен жылдан бері компания оларға өтемақы төлеуді тоқтатыпты. Регрессшілер жұмыс берушімен де, сақтандыру компаниясымен де соттасып жүріп жеңіп шыққан. Алайда шешімнің орындалмай жатқанына ашуланған Владимир Зырьянов ғимарат ішінде қолындағы құтыға от қойып жіберді.
Тұтанған өрт лезде сөндірілгенімен, іште жүргендердің ешқайсысы ғимараттан шығарылған жоқ. Есесіне бұл жерді полиция, прокуратура, ұлттық қауіпсіздік қызметі мен билік өкілдері басып қалды. «Келген қонақтармен» 3 сағатқа жуық әңгіме-дүкен құрған олар ушыққан мәселені бұлай шешуге болмайды деп кесіп-пішіп отыр.
Ғабит Мұхамбетов, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары:
— Мұндай теке-тірес бар екенін білеміз. Бірақ барлығы заң шеңберінде болуы тиіс еді. Регресшілер, жұмыс беруші және сақтандыру компаниясы араларынада сот процестері болып, соттың екі шешімі шығып қойған. Шешім күшіне енгесін оның орындалуын прокуратура қадағалайтын болады. Біз де жіті назарда ұстаймыз.
Алайда мүгедектер қарашаға қараспайтын биліктің есепсіз уәдесіне әбден тойған. Шыдамның да шегі бар дейді шарасыз жұмысшылар.
Жанболат Мақажанов, мүгедек кенші:
— Мен ондайды қолдамаймын енді. Адамның психологиясына байланысты, шыдам таусылған деп ойлаймын. Екі жыл болды ақша төлемей жатыр бізге. Төлейтін сақтандыру компаниясы Альянс полис компанияға сілтейді компания оған сілтейді. Сотың шешімі орындалмайды.
Мүгедектер шешімнің орындалуын назарға аламыз деген шенділерге тағы да сеніп көрмек. Енді ғимаратты өртеп жібере жаздаған Владимир Зырьяновқа қатысты қандай шара қолданылатынын құзырлы органдар анықтайды. Ал оны жақтаған әріптестері адамды өзіне қол жұмсауға итермеледі деп компанияға қарсы тағы арыз жазып жатыр.