Жарияланды: 270

Қарағандыда мемлекеттік бағдарламамен үй алған жұрт шу шығарды

Қарағандыда мемлекеттік бағдарлама бойынша баспанаға қол жеткізген жұрт наразылық білдірді. Себебі, жылдар бойы зарығып жеткен үйлерінде жылу, су және жарық мәселесі реттелмеген. Орталық жылу жүйесіне қосылмаған үйдің тұрғындары дербес қазандыққа ақыны екі есе көп төлеуге мәжбүр. Солай бола тұра үйлердегі жылу мардымсыз, су жоғарғы қабаттарға көтерілмейді. Тіпті жылу беретіндердің тарифты тағы да өсіреміз дегені жұрттың одан сайын

ашуын туғызған.

Пәтер табалдырығын көктемде аттап, көлдей болған жұрттың көңілі қар жауа салқын тартты. Өйткені пәтер суық. Содан терезеге мұз қатып, қабырғалар көгере бастаған.

Кәмила Әубәкірова, «Шахтерский» ықшамауданының тұрғыны:

- Көріп тұрсыздар ғой. Мына жерде баланы шомылдырмақ түгілі, өзіміз жуына алмаймыз. Шетімізден тұмауратып жүрміз.  Осылай болса да, бізден екі есе ақы төлеуді талап етеді ұялмай. 

Қала сыртындағы мына бесқабатты 4 үй кеңес заманынан бері құтқарушылардың меншігінде болған. Мұнда олар жаттығу өткізетін. Былтыр қала балансына беріліп есік терезелері салынып, іші жөндеуден шұғыл өтті де, кезегіне телмірген жұртқа берілді. Бұған соғыс және тыл ардагерлері, жетімдер, көпбалалы және жас отбасылар қоныстанған. Кейінгі екі топ тегін емес, 20 жылға несиеге алыпты. Соғына айына 50 мың теңгелік төлемін әрең беріп жүргенде, жылу ақысын көріп, төбе шаштары тік тұрған.

Гүлжан Мүскінова, «Шахтерский» ықшамауданының тұрғыны:

-Менің жолдасым ғана жұмыс істейді. Үш балам бар. Ондайды көтере алмаймыз біз. Квитанцияда жылуға 20 мың келеді. 3 бөлмелі үйге. Оның өзінде ол нақты баға емес. Әлі 523-ке дейін көтерілуі мүмкін дейді.

От жағатын орынға иелік ететін серіктестік жылу үшін шаршы метріне алынатын 260 теңге аз дейді. Тіпті, есеп-қисаптарын жасап, бағаны тағы көтеруге білдірген емеуріндерін құзырлы органға жолдап қойыпты.

Юрий Горелов, «ГорКомХоз» ЖШС бас инженері: 

-Біз суға, жарыққа кеткен қаражатты санамағанның өзінде 5 жұмысшының екі айлық жалақысын жабу үшін осындай баға қойып отырмыз. Күн суытса, шығын тағы көбейеді. Бәрі есептелген, саналған. Осы есепті монополияға қарсы агенттікке жолдап отырмыз

Қоғамдық көлік көңілі ауса сағатына бір рет жүретін жерде күнелткендер бекер безілдемейді. Өйткені осы шығынның орнына, мемлекеттің жарылқауынсыз-ақ, пәтерді басқа жерден алу тиімді болар еді деп ашынады. Себебі биліктегілер баспана беріп, бағдарламаны орындадық дегені болмаса, мұндағы тіршіліктің жайына бас ауыртпаған сыңайлы.  

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін