Жарияланды: 580

Қазақстан мен Қытай көмірсутегі шикізатын өндіру мен тасымалдау саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға келісті (толықтырылған нұсқасы)

Астана. 31 қазан. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстан мен Қытай көмірсутегі шикізатын өндіру мен тасымалдау саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға келісті. Бұл туралы бүгін Қазақстан үкімет басшысы Кәрім Мәсімов ҚХР Мемлекеттік Кеңесінің премьері Вэнь Цзябао арасында жүргізілген келіссөздердің қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

"Бүгінгі кездесу барысында көмірсутегі шикізатын өндіру мен тасымалдау саласында нақты уағдаластықтарға қол жеткізілді",- деді үкімет басшысы. "Тараптар осы саладағы ынтымақтастықты нығайтуға келісті",- деді Кәрім Мәсімов. Бүгін Қазақстан мен Қытай үкімет басшылары қатысқан жеке және кеңейтілген құрамдағы кездесулерден кейін "ҚазМұнайГаз" компаниясы мен Қытайдың ұлттық мұнай-газ корпорациясы арасында табиғи газ және газ құбырлары саласындағы ынтымақтастықты кеңейту туралы негіздемелік келісімге қол қойылды. Қазақстан жағынан келісімге "ҚМГ" ҰК" АҚ басшысы Қайыргелді Қабылдин, Қытай жағынан CNPC уәкілетті өкілі Сунь Бо қол қойды. Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы қазақстан-қытай мұнай құбырының екінші кезегінің құрылысын 2009 жылдың аяғына дейін салып бітіруді көздеп отыр. Бұл жөнінде бүгін Астанада ҚР премьер-министрі Кәрім Мәсімов пен ҚХР Мемлекеттік Кеңесінің премьері Вэнь Цзябао арасында жүргізілген келіссөздердің қорытындысы бойынша қабылданған бірлескен коммюникеде айтылған. Аталмыш құжатта тараптар энергетикалық саладағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, Қазақстан мен Қытай мұнай құбырының екінші кезегін салу жөніндегі қол жеткізген уағадаластықтарды дер кезінде жүзеге асыратыны айтылған. "Тараптар қазақстан-қытай мұнай құбырының жобасы екі елдің арасындағы практикалық әріптестіктің маңызды жобасы болып табылады деген ортақ пікір ұстанады. Бұл ретте 2009 жылдың соңына дейін осы жобаның құрылысын жемісті түрде аяқтау үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге ортақ күш-жігер жұмсайды", делінген бірлескен коммюникеде. Сонымен қатар құжатта Қазақстан тарапы Қытай тарапының Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінің қайраңындағы мұнай-газ жобаларын жүзеге асыруға қатысуын қолдайтындығы атап көрсетілген. Бұдан бөлек бірлескен коммюникеге сәйкес тараптар "Дархан" жобасын жүзеге асыруды жалғастыруды және қағидаттар туралы келісімге қол қоюды жеделдететін болады. Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін