Жарияланды: 880

Қазақстанда бейнебақылау камералары біртіндеп полиция қызметкерлерін алмастыратын болады

Қазақстанда бейнебақылау камералары біртіндеп полиция қызметкерлерін алмастыратын болады

Қазақстанда бейнебақылау камералары біртіндеп жол бойындағы полиция қызметкерлерін алмастыратын болады.

Бұл туралы бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті полиция қызметінің жұмысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында мәлім болды.

Құжатты талқылау барысында сенатор Мұрат Бақтиярұлы  жол полициясы мен патрульдік полицияны біріктіру арқылы әмбебап полиция қалыптасқанын, алайда осының салдарынан полицияның біразы жол бойына көбірек шығатынын айтып, полиция қызметкерлерін бейнебақылау камераларымен «алмастыру» қажеттігін де алға тартты. «Былтыр БҰҰ зерттеу жүргізді. Ол бойынша көптеген елдерде 100 мың адамға 100 полиция қызметкерінен келеді екен. Ал бізде бұл 600-ге жуықтайды. Былтыр екі қызметті біріктіріп, енді көптеген полиция қызметкерлері жолда тұратын болды», - дейді депутат.

Өз кезегінде Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәселе кешенді түрде шешімін тауып жатқанын алға тартады. «Белгілі бір адамдар санына шаққанда полиция қызметкерлерінің арақатынас саны неше болуы тиістігін белгілеу - бұл оңай мәселе емес. Мәселен, АҚШ шерифтерінің саны көп болғанымен, олар полиция қызметкері ретінде саналмайды. Екіншіден  бұндай зерттеуде ешкім де Қазақстанның аумағы үлкен екенін есепке алып жатқан жоқ. Айталық бізде бір ауыл мен екінші ауылдың арасындағы шақырымды есепке алып, сол үшін адам санына қарай полиция тағайындайтын болсақ, онда байқұс учаскелік полиция қызметкері бір айдың ішінде де өз аумағын анықтап аралап шыға алмайтын еді. Сондықтан да, біз жергілікті полиция қызметкерлерінің санын арттыру, арттырмау мәселесін сол жердің әкімдеріне қалдырамыз. Олар осы мәселені біздің алдымызға қойып та жүр»,  - деді ІІМ.

Сонымен бірге, ведомство басшысы алдағы уақытта мүмкіндігінше полиция қызметкерлерінің орнын біртіндеп бейнебақылау камералары басатынын  жеткізді. «Әрине, бәрін санға тіреп ештеңе шеше алмасымыз анық. Сондықтан да, қазіргі күні қай жерде қызметкерді техникамен ауыстыруға мүмкіндік болса, ол орындалып жатыр. Алайда техникалар болмаған орындарда полициялар жүруге мәжбүр. Дегенмен, бұл мәселе кешенді түрде шешімін табады», - деді министр. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін