Жарияланды: 710

Қазақстанда электр қуаты нарығын енгізу 2019 жылға дейін шегеріледі

Қазақстанда электр қуаты нарығын енгізу 2019 жылға дейін шегеріледі

Қазақстанда электр қуаты нарығын енгізу 2019 жылға дейін шегеріледі.

Бұл туралы бүгін Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысында Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев мәлім етті.

«Мәжіліс мақұлдаған электр энергетикасы мәселелеріне арналған заң жобасына сәйкес, бірыңғай электр қуаты нарығын  енгізу көзделеді. Бұл нарықтың енуі еліміздегі электр энергетикасы саласына инвестиция деңгейін жеткілікті деңгейде қамтамасыз етуді қарастырып, осы бағыттағы тиімді тетіктерді қамтымақ. Бұл өз кезегінде еліміздің ұзақмерзімді келешегіндегі сенімді энергия жүйесіне де оң әсер етеді», - деді Б. Жақсалиев.

Вице-министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде электр қуаты нарығында бірыңғай сатып алушы тетігін енгізу мәселесі де қарастырылады. Бұнымен бір мезгілде тарифтік саясат та жетілдіріледі. «Бұл бір жағынан саланың транспаренттілігін қамтамасыз етсе, екінші жағынан бәсекеге қабілеттілікті арттырады. Нарықтағы тариф екі құрамдастан тұрады - бұлар электр қуаты үшін және электр энергиясы үшін төлемдерді қарастырады. Алайда, бүгінгі экономикалық дағдарыстың салдарына орай қалыптасып отырған жағдайға байланысты өндірісіндегі энергия қамтымдылығы жоғары ірі өнеркәсіп кәсіпорындары өздерінің өндірісін төмендеткені белгілі. Осыған байланысты олар Үкіметке электр қуаты нарығын енгізуді 2019 жылға дейін шегеруді ұсынған болатын»,  - деді Б. Жақсалиев.

Айта кетерлігі, аталған нарықты енгізу бұған дейін 2016 жылға жоспарланған болатын. Вице-министрдің сөзіне қарағанда, электр қуаты нарығы енгізілген жағдайда ірі өнеркәсіп кәсіпорындары қиындыққа ұшырауы ықтимал, өйткені ондай нысандарға энергия тұтыну қымбатқа түседі. Осыған байланысты Үкімет аталған ұсынысты қолдап отыр. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін