Бұл туралы бүгін Алматыда «Қазақстан азаматтарын қызылша жұқпалы ауруына қарсы иммундау мәселесі» тақырыбы бойынша өткен баспасөз мәслихатында жария етілді.
«Барлық облыс орталықтарында осы шараны жүзеге асыру бойынша штабтар құрылды. Оларды облыс әкімдерінің орынбасарлары басқарады. Одан басқа, егу жұмыстарын жасау және вакциналарды тасымалдау және сақтау бойынша медициналық қызметкерлер арасында арнайы семинарлар мен тренингтер өткізіледі. Айта кеткен жөн, Қазақстанда жыл басынан бері қызылшамен ауырғандардың саны өсіп жатыр. Дәлірек айтар болсақ, жыл басынан бері күні бүгінге дейін осы ауруға шалдыққан 2000-ға жуық адам тіркелді», — деді өз сөзінде Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары Ұлттық орталығының директоры Жәмилә Баттақова.
Егу шаралары тегін жүргізіледі және ол бірнеше аптаға созылуы мүмкін.
Бұл жерде еліміздің барлық өңірінде 15-19 жас аралығында жастар қамтылады. Өйткені, Қазақстанда қызылшамен ауырғандардың 50 пайыздан астамы осы жастағы азаматтар. Сондықтан, жоспар бойынша 1,2 млн. адамның кем дегенде 80 пайызын қамту көзделуде.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, қазіргі таңда елімізде 4500 егу бекеттері дайындалды, сәйкесінше 4500-ден астам бригада жасақталды. Әрбір бригаданың құрамына дәрігер немесе фельдшер, вакцина жасаушы және арнайы тіркеуші енді.
ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің дерегі бойынша, елімізде жыл сайын қызылша ауруына қарсы шамамен 5 миллион адамға екпе жасалады екен. Олардың ішінде 1,3 миллион бала бар.
Қызылшаға қарсы вакцина бүкіл әлем бойынша соңғы 50 жылдан бері қолданылып келеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Қазақстанға халықаралық стандарттарға сай вакциналық препараттар ғана жеткізіледі. Яғни, қауіпсіз және аурудың алдын алуға өте тиімді.
Айта кетелік, бұл шара ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің арнайы бұйрығы бойынша ұйымдастырылып отыр.