Жарияланды: 940

Қазақстандағы ЖОО-ларда шетелдік студенттерге сабақты ағылшын тілінде де жүргізу ұсынылды

Қазақстандағы ЖОО-ларда шетелдік студенттерге сабақты ағылшын тілінде де жүргізу ұсынылды

Шетелдік студенттерді Қазақстанға көбірек тарту үшін отандық жоғары оқу орындарына білім беру үдерістерін ағылшын тілінде де жүргізу ұсынылады.

Бұл туралы бүгін Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми кітапханасында «Еуропалық одақ пен Қазақстан Республикасы арасындағы жоғары білім саласындағы ынтымақтастық» атты халықаралық ғылыми конференция барысында «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында ҚР Білім және ғылым министрлігі ЖОО және ЖОО-дан кейінгі білім беру департаменті директорының міндетін атқарушы Серік Өмірбаев мәлімдеді. 

«Қазақстан Болон үдерісіне қосылғалы бері отандық жоғары білім беру жүйесін интернационаландыру, яғни Қазақстан мен Еуропалық Одақ елдері университеттері арасында ынтымақтастықты тереңдеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда осы бағытта отандық және шет елдік университеттер арасында 400-ден астам бірлескен білім беру бағдарламалары жүзеге асырылу үстінде. Одан басқа, отандық студенттердің ұтқырлығы арта түскен. Мысалы, 2014 жылы университеттеріміздің студенттері шет елдік жоғары оқу орындарында 7 мыңнан астам білім беру кредитін игерді. Яғни, бұл білімді импорттау деген сөз. Сонымен қатар, білімді экспорттау да ойдағыдай жүзеге асып жатыр. Бүгінгі таңда, Қазақстанның жоғары оқу орындарында 9 мыңнан астам шетелдік студент білім алады. Қазір біз шет елдік студенттерді Қазақстанға көбірек тарту үшін, отандық жоғары оқу орындарына дәрістерді, яғни білім беру үдерістерін ағылшын тілінде де жүргізуді ұсынып жатырмыз», - деді С. Өмірбаев.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін